Еңбек қауіпсіздігі мәдениетіне арналған стратегиялық сессияны «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов ашты. Ол кіріспе сөзінде іс-шараның кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударуға және басшылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Біз өндірістік қауіпсіздік бағытында барынша жылдам әрі сапалы өзгертулерге қол жеткізіуге тиіспіз. Осы стратегиялық сессия қатысушылар үшін пайдалы болады деп үміттенемін. Бірлесіп өндірістегі жазатайым оқиғаларды нөлдік деңгейге дейін азайтамыз деп сенемін», - деді Ғибрат Ауғанов.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов іс-шара қатысушыларына өндірістегі қауіпсіздіктің және Vision Zero қағидаттарын ұстанудың маңыздылығын атап өтті.
«Біздің басты міндетіміз — еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне аса басымдықпен ден қойып, оған қол жеткізу жолында көшбасшы болу. Корпоративтік қауіпсіздік мәдениетін нығайту маңызды. Сессияда біз еңбек қауіпсіздігі мәдениеті туралы ортақ көзқарасты қалыптастыру үшін жұмыс істейтін боламыз. Бірнеше жылдан кейін компаниямыз еңбек қауіпсіздігі бойынша қандай деңгейде болуы керектігі туралы түсінік болуы шарт», - деді Қайрат Мақсұтов.
Стратегиялық сессия екі күнге созылады. Іс-шара барысында қатысушылар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үздік әлемдік тәжірибелермен танысады. Тиімді қауіпсіздік мәдениетін құру және өзгерістер процесіне басшылық пен қызметкерлерді тарту жөніндегі мәселелер талқыланады.