Самұрық-Энерго Көкшетау қаласында ЖЭО салуға кірісті

Самұрық-Энерго Көкшетау қаласында ЖЭО салуға кірісті

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында Көмір жылу электр орталықтарын салу жөніндегі келісімді іске асыру шеңберінде «Көкшетау ЖЭО» ЖШС мен «ИНТЕР РАО-Экспорт» ЖШҚ арасында ағымдағы жылғы 29 тамызда «Көкшетау қаласындағы ЖЭО құрылысы» жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қатысты шартқа қол қойылды.

«Көкшетау ЖЭО» ЖШС аталған жоба бойынша Тапсырыс берушінің функцияларын орындау және жаңадан салынған ЖЭО-ны одан әрі пайдалану мақсатында «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірлескен шешімімен құрылған болатын.

Жоба бойынша Көкшетау қаласында электр қуаты 240 МВт және жылу қуаты 520 Гкал/сағ болатын жаңа жылу электр орталығын салу көзделген. Осы айтылғандарға қоса ЖЭО-ны кейіннен көмірден табиғи газға ауыстыруға мүмкіндік беретін технологиялық шешімдер көзделетін болады.

Көкшетау қаласында ЖЭО нысанын салу өнеркәсіп кәсіпорындарының, бизнестің және жергілікті халықтың электр және жылу энергиясына деген жылдан-жылға өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. ЖЭО құрылысын жүргізу кезеңінде 1500-ге жуық адам жұмысқа жұмылдырылатын болады, станцияны одан әрі пайдалану негізінде 400-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Болашақ ЖЭО құрылысы жұмыс істеп тұрған РК-1 және РК-2 аудандық қазандықтары маңындағы бос алаңда жоспарланып отыр. Жаңа ЖЭО-дан атмосфераға тарауы мүмкін ластаушы заттардың шығарындылары Көкшетау қаласындағы қолданыстағы қазандықтардың жиынтық шығарындыларынан төмен болады.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында ЖЭО құрылысы алаңында құрылыс жұмыстарын бастауға кірісу жоспарланып отыр және жыл соңына дейін негізгі және қосалқы жабдықтарды дайындауға тапсырыстар орналастырылатын болады.