Fitch Ratings халықаралық агенттігі «Самұрық-Энерго» АҚ рейтингісін растады

Fitch Ratings халықаралық агенттігі «Самұрық-Энерго» АҚ рейтингісін растады

Fitch Ratings агенттігі Самұрық-Энергоның «тұрақты» болжамымен «BB+» деңгейінде шетел және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингісін растады. 

Рейтингті растау – операциялық көрсеткіштер бойынша оң болжамдарға және компанияға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға байланысты. 2024 жылы мемлекет Самұрық-Энергоға екі су электр станциясын берді, сондай-ақ алдағы жылдарға арналған инвестициялық жоспарды қолдау үшін «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан жарғылық капиталға қаражат құю жоспарлануда.

Агенттік мемлекеттік саясаттың рөлін «күшті» деп бағалайды, өйткені Самұрық-Энергоға Қазақстанда электр энергиясын өндірудің шамамен 34%-ы, көмір өндірудің 40%-ы тиесілі. Сонымен қатар ол ірі жұмыс беруші болып табылады және мемлекет үшін көптеген стратегиялық жобаларды іске асырады.

Расталған рейтинг сондай-ақ тарифтерді ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан саясатты, іске асырылған жобалар үшін бекітілген жеке тарифтердің болуын, 2025 және 2027 жылдары қолданысқа енгізілетін 1-МАЭС, 2-МАЭС және АлЭС инвестициялық жобалары үшін жаңа инвестициялық келісімдерді ескереді.

Бұдан басқа, компанияның кредиттік портфеліндегі халықаралық және жергілікті қаржы институттары үлесінің өсуі байқалады, бұл борыштық портфельдің сапасы жоғары екенін көрсетеді. Осы орайда Агенттік Самұрық-Энергоның қысқа мерзімді міндеттемелерін толық жабу үшін  қаржылай  мүмкіндігі жеткілікті екенін көрсетеді.