«Самұрық-Энерго» АҚ компаниясында қазақстандық тауар өндірушілердің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Отандық тауар өндірушілерді қолдау және дамыту бағытында «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-мен бірлесіп өткізілді.
Бұл іс-шара барысында Қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директор Асқар Балтабаев «Самұрық-Энерго» АҚ-да елішілік құндылықты дамыту және импорт алмастыру аясындағы жүйелі жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп, сатып алудағы жергілікті қамту үлесі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
Дөңгелек үстелде «Nova Vision» ЖШС, «Қазақстандық құбыр жүйелері» ЖШС, «Asia Trafo» ЖШС қазақстандық өндірушілерімен жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеден астам жаңа офтейк-келісімшарттарға қол қойылды. Сонымен қатар, «GEFEST Solution Qazaqstan» ЖШС-мен «Өрт сөндірудің инновациялық технологияларын әзірлеу және енгізу» жобасы бойынша Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Дөңгелек үстел аясында отандық тауар өндірушілермен В2В форматында өткен кездесулер барысында сатып алуға қатысу бойынша негізгі мәселелер талқыланды.
«Самұрық-Энерго» АҚ тендерлер өткізуде жергілікті тауар өндірушілерге басымдық береді. 2024 жылдың 9 айында отандық өндірушілердің қатысуымен өткізілген сатып алу сомасы 25,5 млрд теңгеден асты.