«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов компания қызметкерлерінің III жастар форумын ашты. Форум қатысушыларына арнаған сөзінде компания басшысы жас таланттарды қолдау мен дамыту «Самұрық-Энерго» АҚ-ның басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.
«Біздің компанияда меритократия қағидаты қолданылады. Компаниядағы басшылық лауазымдарды тәжірибесіне, біліміне және іскерлік қасиеттеріне байланысты ортақ іс үшін адал және табандылықпен еңбек ететін жас қызметкерлер атқарады. Сіздерді жұмысқа бар ынта-жігерлеріңізді салуға шақырамын, сонда еңбектеріңіз әрқашан лайықты бағаланады», - деді Қайрат Мақсұтов.
Компания басшысы қатысушыларға қызықты пікірталас, жемісті жұмыс, жаңа идеялар мен жетістіктер тіледі. Айта кетейік, Жастар форумы өзекті мәселелер талқыланатын, қатысушылардың тәжірибе мен идея амастыратын алаңына айналды. Аталған іс-шараға Самұрық-Энерго корпоративтік орталығы мен еншілес ұйымдарының 100 жас қызметкері қатысты. Форумды «Адам ресурстарын басқару» департаменті ұйымдастырды.