«Самұрық-Энерго» АҚ-да Энергетик күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов компаниялар тобының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға қажырлы еңбегі мен өз ісіне адалдығы үшін алғысын білдірді.
Іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, «Kazenergy» қауымдастығының Бас директоры Жандос Нұрмағамбетов, «Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Талғат Темірханов қатысты. Олар елдің энергетика саласын дамытуда Самұрық-Энергоның маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, компанияның үздік энергетиктеріне ведомстволық наградаларды, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын табыс етті.
Энергетика күніне орай Самұрық-Энерго компаниялар тобының 250-ден астам қызметкері марапатталды. Олардың 32-сінің энергетика саласында 30-40 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар.
Самұрық-Энерго басшысы Қайрат Мақсұтов компанияның еншілес ұйымдары өндірістік қызметкерлері арасында алғаш рет өткізілген «Үздік өндіріс маманы» байқауының жеңімпаздарына дипломдар мен сертификаттарды табыс етті.
Салтанатты іс-шара әртістер мен компаниялар тобының талантты қызметкерлерінің қатысуымен өткен концертпен аяқталды.