«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Қазақстан Республикасының Катар мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиевтің қатысуымен Nebras Power Директорлар кеңесінің Төрағасы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджримен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Абай облысында қуаты 300 МВт су электр станциясын салу аясындағы ынтымақтастықты талқылады.
Жоба Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар мемлекетінің Үкіметі арасында 2024 жылғы 20 наурызда Дохада қол қойылған Басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімге сәйкес іске асырылуда. Кездесу барысында жоба бойынша ағымдағы прогресс атап өтілді, сондай-ақ жобаны тиімді іске асырудың негізгі қадамдары айқындалды.
«Самұрық-Энерго» АҚ мен Nebras Power гидроэнергетика саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға және стратегиялық маңызды бастамаларды бірлесіп іске асыруға өздерінің мүдделілігін растады.
Nebras Power - жаңартылатын энергия көздері, электр энергетикасы және сумен жабдықтау саласындағы инвестициялар мен жобаларды дамытуға маманданған жетекші халықаралық энергетикалық компания. Компания Таяу Шығыс, Азия, Еуропа және Латын Америкасы елдерінде тұрақты энергетиканың дамуына ықпал ете отырып, жобаларды іске асырады.