«Самұрық-Энерго» АҚ еншілес компанияларындағы өндірісте жұмыс істейтін жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша жұмысты жалғастыруда.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы әлеуметтік бағдарлама шеңберінде, АлЭС кәсіпорындарында өндірістік цехтарда еңбек ететін жұмысшыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жобасы алғаш рет іске қосылды.
А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-да күн сайын 900-ден астам қызметкер сапалы әрі теңгерімді тамақ ішуде. Кезекші бригадаларға ыңғайлы болу үшін асхана тәулік бойы жұмыс істейді. Тамақ рационы мұқият ойластырылған, нормалар сақталған, ал ең бастысы құрмет пен жайлылық ахуалы қалыптастырылған. Аспаздар тамақты жан-тәнімен дайындайды, инженер-технологтар сапасына қадағалау жүргізеді, ал өндірістік жұмысшылар алғашқы жағымды пікірлерімен бөлісті.
«Басшылықтың бізге қамқорлық танытқаны өте қуантады. Бұл - біздің денсаулығымыз бен әл-ауқатымызға жасалған үлкен қамқорлық. Асханада тамақ өте дәмді, порциясы тойымды. Бәріміз тоқпыз, көңіл-күйіміз жақсы, жұмысымыз өнімдірек жүріп жатыр», – дейді «Энергожөндеу» ПРП шебері Мұхамеджан Оралбеков.
Жақын арада тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін жаңартылған асханалар Б. Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да, 3-ЖЭО-да, Ш. Шөкин атындағы Қапшағай СЭС-інде, ГЭС каскадында, БЖК-де және басқа да кәсіпорындарда іске қосылады.
Жалпы, тегін ыстық тамақпен шамамен 3000 қызметкер қамтылады.