China Energy Engineering Corporation кеңсесінде «Самрук-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов пен China Energy International Group Басқарма төрағасы Люй Цзэсянның кездесуі өтті.
Кездесу барысында күн және жел электр станцияларын салу бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілету мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясын салу жұмыстарын биыл бастау және Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын 2026 жылы іске асыру жобаларын жеделдету жөнінде уағдаласты.
Сонымен қатар, 2025 жылдың маусым айында Астана қаласында Мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін Қытай – Орталық Азия саммитіне дайындық мәселелері талқыланды. Бұл саммит аясында тараптар жобалық келісімдерге қол қоюды жоспарлап отыр.
Кәсіпорын басшылары сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту бағытындағы әрі қарайғы ынтымақтастық бойынша нақты іс-шараларды белгіледі.