Самұрық-Энерго мен Жамбыл облысының әкімдігі 1 ГВт ЖЭС жобасын іске асыру бойынша Masdar компаниясымен кездесу өткізді

Самұрық-Энерго мен Жамбыл облысының әкімдігі 1 ГВт ЖЭС жобасын іске асыру бойынша Masdar компаниясымен кездесу өткізді

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, KIDF Басқарма төрағасының орынбасары Тұрар Байсаринов Masdar компаниясының Даму және инвестициялар жөніндегі директоры Абдулла Заедпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасын іске асырудың негізгі аспектілері қаралды. Тараптар жобаны дамыту бойынша атқарылып жатқан іс-шараларды егжей-тегжейлі талқылады. Атап айтқанда, Masdar және Самұрық-Энерго жел мониторингі, қоршаған ортаға тигізетін әсерді бағалау, эскиздік дизайнды әзірлеу, қуат беру схемасы бойынша жұмыстар туралы баяндады.

Жамбыл облысының әкімі жобаның өңір үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, жан-жақты қолдау көрсетуге, оның ішінде жел паркін және электр беру желілерін салуға жер учаскелерін бөлу мәселелерін уақытылы шешуге дайын екендігін растады.

Қайрат Мақсұтов ағымдағы жылдың 12 мамырында Мемлекет басшысы қол қойған ҚР мен БАӘ арасындағы үкіметаралық келісімді ратификациялау маңыздылығына  ерекше назар аударды.

Абдулла Заед кеңеске қатысушыларға алғысын білдіріп, қазіргі кезде жоба үшін қаржыландыру тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын және 2025 жылдың соңына дейін ЕРС-келісімшартқа қол қоюға дайын екендігіне сендірді.

Кездесу қорытындысында жобаға қатысушылар оны іске асыру бойынша Жол картасына қол қойды.