«Самұрық-Энерго» АҚ-да ағымдағы жылдың алты айы бойынша өндірістік еңбек қауіпсіздігі саласындағы жұмысы қорытындыланды. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 6 есе азайды.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов өндірістік жарақаттанудың төмендеуіндегі оң динамиканы атап өтіп, еншілес ұйымдардың бірінші басшыларына жұмыс орындарында техника қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жасалатын бақылауды күшейтуді тапсырды. Ол сондай-ақ өндірістік тәуекелдер мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған еңбекті қорғау жөніндегі проактивті іс-шараларды өткізу қажеттілігіне назар аударды. Атап айтқанда, ықтимал қауіптерді уақтылы анықтау мен жоюдың, қызметкерлер арасында қауіпсіздік мәдениетін арттырудың және оларды еңбекті қорғау процестеріне белсенді тартудың маңыздылығы атап өтілді.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобында медициналық тексерудің электрондық жүйесі (МТЭЖ) аппараттарының саны ұлғайтылды, камералары бар каскалар, бейнежетондар сатып алынды, жасанды интеллектті қолдана отырып жүргізілетін бейнеталдау енгізілуде. «Богатырь» кенішінің карьерлік самосвалдарында «Антисон» жүйесі орнатылды.
Осы жылдың екінші жартыжылдығында карьерлік самосвалдарды автоматты өрт сөндіру жүйесімен, автокөлікті — бейнетіркегіштермен жарақтандыру, арнайы киімге және жеке қорғаныс құралдарына қойылатын бірыңғай техникалық талаптар стандартын өзектендіру, сондай-ақ еншілес ұйымдардың басшылығын «Өндірістік қауіпсіздік көшбасшысы» курсы бойынша оқыту жоспарлануда.