«Самұрық-Энерго» АҚ Семей және Өскемен қалаларында «таза» көмір технологиясымен жұмыс істейтін ЖЭО салады

«Самұрық-Энерго» АҚ Семей және Өскемен қалаларында «таза» көмір технологиясымен жұмыс істейтін ЖЭО салады

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдерімен Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Кездесу барысында тұтынудың өсуі мен өңірлердің келешектегі дамуын ескере отырып, болашақ станциялардың электр және жылу қуаты анықталды. Сондай-ақ, жобалау алдындағы құжаттаманы әзірлеу мәселелері, ЖЭО үшін инфрақұрылым салу жоспарлары және қалаларды жылумен жабдықтау схемалары талқыланды.

«Самұрық-Энерго» АҚ басшылығы қазіргі уақытта жобалар үшін қаржыландыру тарту, инвестицияларды қайтаруды қамтамасыз ету, технологиялық шешімдерді бекіту бойынша жұмыстардың аяқталып жатқанын атап өтті.

Қайрат Мақсұтов ЖЭО салу кезінде қоршаған ортаға тигізетін әсері мейлінше аз заманауи «таза» көмір технологиялары қолданылатынын айтты.

Абай облысының және Шығыс Қазақстан облысының әкімдері экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында қалалар үшін ЖЭО салудың маңыздылығын атап өтіп, инфрақұрылым объектілерін уақтылы салу үшін жер учаскелерін бөлуге және іс-шараларды жүзеге асыруға жан-жақты қажетті жәрдем көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. 

Кеңес қорытындысы бойынша тараптар белгіленген жоспарлардың орындалуына тұрақты негізде мониторинг жүргізуге және ағымдағы жылы Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО-ны жобалау және салу жөніндегі шарттарға қол қою үшін әзірлікті қамтамасыз етуге уағдаласты.