«Самұрық-Энерго» АҚ орнықты дамуға бағытталған ESG бағдарламаларын жүйелі түрде іске асырып келеді. Атап айтқанда, Sustainable Fitch агенттігі «Самұрық-Энерго» АҚ-ның ESG-рейтингін ұқсас қызмет түрімен айналысатын халықаралық энергетикалық компаниялар арасында оң деңгейде растады.
Сонымен қатар, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Интеграцияланған жылдық есебі PwC Kazakhstan рейтингінде ESG-ақпаратты ашу деңгейі бойынша 1-орынды иеленді. Компанияға екінші жыл қатарынан халықаралық үздік стандарттарға сәйкес келетін «A+» ең жоғары бағасы берілді. Самұрық-Энерго қазақстандық 98 компанияның ішінде жалпы рейтингте ғана емес, ESG-ақпаратты ашудың бірқатар негізгі бағыттары бойынша да көшбасшы деп танылды.
Сондай-ақ, Самұрық-Энерго АҚ Интеграцияланған жылдық есебі Маркетинг және коммуникациялар саласындағы кәсіби мамандар қауымдастығы (AMCP) ұйымдастыратын халықаралық беделді MarCom Awards байқауында алтын жүлдеге ие болды. Компания Publications | Annual Report | Government санатында алтын статуэткасын жеңіп алды.
«Самұрық-Энерго» АҚ RAEX жылдық есептер рейтингінде 5 жұлдыз және «Жылдық есептің ең жоғары сапасы» мәртебесіне ие болды. Компанияның жылдық есебі 300-ден астам қатысушының арасында үздіктердің бірі деп танылды.
Аталған марапаттар «Самұрық-Энерго» АҚ-ның жоғары деңгейдегі ашықтығын, корпоративтік басқару сапасын, тұрақты даму қағидаттарына берік ұстанымын, сондай-ақ Компания тәжірибесінің халықаралық ESG стандарттарына сәйкестігін растайды.




