Самұрық-Энерго ТМД аумағындағы тағы бір ең ірі жел электр станциясының құрылысын бастады

Самұрық-Энерго ТМД аумағындағы тағы бір ең ірі жел электр станциясының құрылысын бастады

Павлодар облысында қуаты 1 ГВт Қазақстан мен ТМД-дағы ең ірі жел электр станциясының (ЖЭС) құрылысына ресми түрде бастау берілді. Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ State Power Investment Corporation компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Павлодар облысында жобаның практикалық іске асырылу және құрылыс кезеңіне өткенін білдіретін уақыт капсуласын салтанатты түрде қалау рәсімі өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және халықаралық серіктестердің өкілдері қатысты.

Бейнеконференция байланысы арқылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, сондай-ақ State Power Investment Corporation компаниясының Вице-президенті Чен Хайбин сөз сөйледі. Олар жобаның елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, экономиканы декарбонизациялаудағы және «жасыл» энергетикаға инвестициялар тартудағы маңыздылығын атап өтті.

Нысан алаңында құрылыстың ресми басталуына «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов және SPIC Green Energy компаниясының Басқарма төрағасы Шоу Руфэн қатысты. 

«Жаңартылатын энергетика саласындағы ауқымды жобаны іске асыру энергожүйенің тұрақтылығын арттыруға және Қазақстанның «жасыл» экономикасын дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосады», — деп атап өтті Самұрық-Энергоның басшысы Қайрат Мақсұтов.

Жоба аясында қуаты 300 МВт болатын энергия жинақтау жүйесін салу қарастырылған. Бұл электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, жаңартылатын энергия көздерін энергожүйеге тиімді интеграциялауға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Жел электр станциясын 2029 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.