Қазақстанда көмір генерациясының жаңа қуат көздері салынуда: «Самұрық-Энерго» 4 ірі жобаны жүзеге асыруда

Қазақстанда көмір генерациясының жаңа қуат көздері салынуда: «Самұрық-Энерго» 4 ірі жобаны жүзеге асыруда

Бұл жерде әңгіме №3 және №4 энергия блоктарын іске қосу арқылы Екібастұз МАЭС-2-ні кеңейту, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскеменде ЖЭО салу туралы болып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкіметінің отырысында «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов мәлімдеді. 

Атап айтқанда, Екібастұз МАЭС-2-де әрқайсысының қуаты 550 МВт болатын №3 және №4 энергия блоктарын салу жобасы жүзеге асырылуда. Олар тиісінше 2028 және 2030 жылдары іске қосылады. Қазіргі уақытта қазақстандық консорциуммен EPC-келісімшарт жасалды, 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталды. 

Көкшетауда қуаттылығы сағатына 820 Гкал болатын жаңа ЖЭО-ның құрылысы жүруде. Нысанда коммуникациялар тартылған, инфрақұрылым дайындалуда және бетон торабының құрылысы жалғасуда. Жабдықтарды жеткізу 2027 жылы басталып, станса 2029 жылдың I тоқсанында іске қосылмақ. 

Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО құрылысының жобалары жүзеге асырылуда. Қазақстан-Сингапур консорциумымен EPC-келісімшарттар жасалды. Стансаларды іске қосу 2029 жылдың IV тоқсанына жоспарланған. 

Жиында барлық жобалар энергия тапшылығын жоюға және елді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді. 

«Осылайша, "Самұрық-Энерго" АҚ Президент пен Үкіметтің тапсырмаларын орындау шеңберінде көмір өндіру жобаларын уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз етеді», — деп атап өтті «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.

Ақпарат көзі: https://t.me/KZgovernment/22876