Самұрық-Энерго Орталық Азиядағы ең ірі ЖЭС құрылысын бастады

Самұрық-Энерго Орталық Азиядағы ең ірі ЖЭС құрылысын бастады

«Самұрық-Энерго» АҚ Жамбыл облысында Орталық Азиядағы қуаты 1 ГВт болатын ең ірі жел электр станцияларының бірін салуға кірісті. Жоба жаңартылатын энергетика саласындағы әлемдік көшбасшы - Masdar компаниясымен бірлесіп іске асырылуда.

Бүгін болашақ энергетикалық объектінің капсуласын қалау салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға телекөпір форматында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Мasdar Басқарма Төрағасы Мұхаммед Әл-Рамахи қатысты.

Тікелей алаңда құрылысқа «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов және Мasdar компаниясының өкілі бастау берді. Құттықтау сөзінде «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Қайрат Мақсұтов жобаны іске асыру еліміздің энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыруға және жасыл экономиканы дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге елеулі үлес қосатынын атап өтті.

«Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 1,4 млрд АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында 440 гектар аумақта 100-ден астам жел генераторы орнатылады. Станция жыл сайын шамамен 3,4 миллиард кВт/сағ электр энергиясын өндіреді, бұл 880 мың үй шаруашылығын экологиялық таза электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл, өз кезегінде, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын едәуір төмендетуге мүмкіндік береді және кәсіпорындар мен облыс халқын электрмен сенімді жабдықтауды қамтамасыз етеді», - деді Қайрат Мақсұтов.

Жобаны іске асыру кезінде жасанды интеллектті қолдана отырып, заманауи технологиялық шешімдер қолданылатын болады.  Жобаның ерекшелігі - электр энергиясын жинақтау жүйесін біріктіру болып табылады, ол жел генерациясының өзгергіштігін жоюға және желіге тұрақты қуат беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Нысанды пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.