«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов China Energy Overseas Investment Co., Ltd компаниясының Басқарма төрағасы Линь Сяоданьмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаның іске асырылу барысын талқылады. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында фотоэлектрлік модульдердің шамамен 70%-ы орнатылған. Тараптар құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарының келесі кезеңдерін, құрылыс кестесін сақтау және қажетті ресурстарды тарту мәселелерін қарастырды.
Электр энергиясын желіге алғаш рет беру 2026 жылғы желтоқсанға, ал станцияны толық пайдалануға беру 2027 жылдың I тоқсанына жоспарланған.
Сондай-ақ Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу жобасының іске асырылу барысы қаралды. Құрылыс алаңында бастапқы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жел энергетикалық қондырғыларын монтаждау мен электр беру желілерінің құрылысын бастау 2027 жылдың басына жоспарланған. Алғашқы электр энергиясын өндіру 2028 жылы күтілуде. Алдағы кезеңдерді уақтылы орындауға, жобаны қаржыландыруды қамтамасыз етуге және Қазақстанда өндірілген жабдықтарды қолдану аясын кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, тараптар Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы халықаралық ынтымақтастық аясындағы перспективалы жобаларды талқылады. Атап айтқанда, Жетісу облысында энергия жинақтау жүйесі бар, жалпы қуаты 1 ГВт жел электр станцияларын салу жобасын іске асыру перспективалары қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады. Сондай-ақ жобаларды іске асыру жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға, олардың орындалу барысына, белгіленген бақылау кезеңдері мен мерзімдерінің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізуге уағдаласты. Ынтымақтастық жаңартылатын энергетиканы дамытуға және Қазақстанның энергетикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған.



