Энергия үнемдеу күні: Самұрық-Энергода үздік рационализаторлық идеяларды атап өтті

Энергия үнемдеу күні: Самұрық-Энергода үздік рационализаторлық идеяларды атап өтті

11 қараша – Халықаралық энергия үнемдеу күні. Бұл күн энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдаланудың, заманауи энергия үнемдеу технологияларын енгізудің және өндірістік процестердің тиімділігін арттырудың маңыздылығын еске салады.

«Самұрық-Энерго» АҚ-да қызметкерлердің бастамаларын қолдауға және тиімді практикалық шешімдерді енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын «Энергиялық тиімділік, Инновациялық даму және Экологиялық қауіпсіздік» департаменті Компанияның еншілес ұйымдары арасында үздік рационализаторлық ұсынысқа конкурс өткізеді.
  Конкурс қорытындысы бойынша мына жеңімпаздар анықталды:

1. Дүйсембаев А.Б. (Екібастұз 1-МАЭС) конвективті бу қыздырғыш құбырларын күлдің әсерінен болатын тозудан қорғау жөніндегі ұсынысы үшін;

2. Никулаев А.А. (Екібастұз 1-МАЭС) түтін газдарындағы оттегі мөлшерін өлшеуге арналған шунттық құрылғының конструкциясын жетілдіргені үшін;

3. Денис Охман («АлЭС» АҚ) қазандық үй-жайларындағы оттегі мөлшерін үздіксіз бақылау жөніндегі шешімі үшін және Зәуреш Мұрат («АЖК» АҚ) күштік трансформаторлардың қалдық жылуын үй-жайларды жылытуға пайдалану жобасы үшін.

Сондай-ақ саланың дамуына қосқан үлесі үшін «Самұрық-Энерго» АҚ «Энергиялық тиімділік, Инновациялық даму және Экологиялық қауіпсіздік» департаментінің бас менеджері Кенжегүл Ысқақова ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Энергия үнемдеу бастамасы әркімнің өзінен басталады! Жаңа идеялар мен ұтымды шешімдерді жүзеге асыру тиімді әрі орнықты дамудың негізін қалайды.