«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Аңсар Айдаров Түркістан облысының Сайрам ауданында қуаты 1000 МВт болатын бу-газ электр станциясы құрылысының барысымен танысты. Негізгі алаңдағы жұмыстардың жалпы орындалу деңгейі 81,7%-ды құрайды. Станцияның жекелеген нысандарында іске қосу-баптау жұмыстары басталды.
«Түркістан БГҚ» ЖШС басшылығы, бас мердігер және консорциум бойынша серіктес өкілдерінің қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде құрылыстың қазіргі жай-күйі мен электр станциясын сынақтан өткізуге дайындық барысы қаралды.
«Түркістан БГҚ» ЖШС Басқарма Төрағасы Ұлан Бүркітов станцияның алғашқы электр қуатын энергия жүйесіне беруді қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бұл кезең газтурбиналық қондырғыларды, трансформаторларды, ашық тарату құрылғыларын және электр беру желілерін дайындауды қамтиды. Негізгі алаңда газтурбиналық қондырғылардың жабдықтарын монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ газбен және сумен жабдықтау, электр беру желілері мен кірме автомобиль жолын қамтитын сыртқы инфрақұрылым жобаларын іске асыру нәтижелері баяндалды.
Кадрларды даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Siemens Energy компаниясымен бірлесіп «Түркістан БГҚ» базасында Құзыреттерді дамыту орталығын құру жоспарлары талқыланды. Ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары аясында қол жеткізілген болатын. Орталық Siemens Energy және басқа да өндірушілердің газтурбиналық жабдықтарымен жұмыс істейтін мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру алаңына айналады деп жоспарлануда.
Кеңесте талқыланған тағы бір тақырып энергетика саласына жасанды интеллектіні енгізу болды. Қатысушылар «Самұрық-Энерго» АҚ-да ЖИ-агенттерді қолдану тәжірибесін, сондай-ақ осындай технологияларды өндірістік және басқарушылық процестерде пайдалану перспективаларын қарастырды.
Жұмыс кеңесінің қорытындысы бойынша Аңсар Айдаров жобаны іске асыру мерзімдері мен құрылыс алаңындағы өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді.


