«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Аңсар Айдаров Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Сауран ауданында салынып жатқан қуаты 300 МВт, энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған күн электр станциясының құрылыс барысымен танысты. Пайдалануға берілгеннен кейін ол Қазақстандағы ең ірі күн электр станциясына айналады.
Жоба «Самұрық-Энерго» АҚ мен қытайлық China Energy компаниясының бірлесуімен Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру жөніндегі үкіметаралық келісім аясында жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда станцияда фотоэлектрлік модульдер мен инверторларды орнату жұмыстары 100% аяқталды. Кернеуді жоғарылататын қосалқы станцияда негізгі трансформаторлар, сондай-ақ қуаты 90 МВт және сыйымдылығы 360 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесінің жабдықтары орнатылды. Бұл жүйе күндіз өндірілген электр энергиясын жинақтап, оны тұтыну ең жоғары деңгейге жеткен сағаттарда электр желісіне беруге мүмкіндік береді. Құрылыс алаңында 890 жұмысшы мен 108 техника бірлігі жұмылдырылған.
Сонымен қатар, Аңсар Айдаров станцияның өндірістік қуатын энергожүйеге беру үшін жоба аясында кеңейтіліп жатқан 220 кВ «Кентау» қосалқы станциясына барды. Күн электр станциясын аталған қосалқы станцияға қосу үшін кернеуі 220 кВ болатын екі әуе электр беру желісі салынуда.
Күн электр станциясын 2027 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Аңсар Айдаров жобаны іске асыру мерзімдерінің сақталуын және өндірістік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.







