«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Аңсар Айдаров жұмыс сапары аясында Алматы 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-ның құрылыс алаңдарына барып, стратегиялық энергетикалық жобалардың іске асырылу барысымен танысты, тапсырыс беруші мен бас мердігерлердің өкілдерінің қатысуымен өндірістік кеңестер өткізді.
Алматы 2-ЖЭО-да «Қоршаған ортаға әсерін барынша азайта отырып, Алматы 2-ЖЭО-ны жаңғырту» жобасы аясында іске қосу-баптау жұмыстарының белсенді кезеңі жалғасуда. 2026 жылғы 31 қазаннан бастап жаңа су жылыту қазандығынан жылу энергиясы берілуде.
Қазіргі уақытта ыстық күйде іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп, үш газ және бір бу турбинасын кезең-кезеңімен іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Бүгін, 25 қарашада, Siemens Energy компаниясы өндірген үшінші газ турбинасын тұтандыру жұмыстары сәтті орындалды. 2026 жылғы 30 қарашада электр энергиясын желіге беру жоспарланған.
Құрылыс алаңына бару барысында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Аңсар Айдаров іске қосу-баптау жұмыстарының барысымен, негізгі және қосалқы жабдықтардың дайындық деңгейімен танысып, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау бойынша тапсырмалар берді.
Алматы 3-ЖЭО-да жалпы қуаты 544 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғыларын орнату арқылы станцияны қайта құру жобасы аясында Самұрық-Энерго басшысы құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысын тексеріп, құрылыс алаңының қазіргі жағдайымен танысты.
Бүгінгі таңда құрылыс алаңына негізгі технологиялық жабдықтардың 95%-ы жеткізілді. Ansaldo Energia компаниясының №1 газ турбиналық қондырғысының негізгі және қосалқы жабдықтарын монтаждау жұмыстары жалғасуда (орындалу деңгейі – 69%). Бірінші кәдеге жаратушы қазанды монтаждау жұмыстары 90%-ға орындалды. Бірінші бу турбинасын жобалық орнына орнатуға дайындық жүргізілуде, сондай-ақ бу турбинасының конденсаторын монтаждау жұмыстары 50%-ға орындалды. Бас корпустың жылу контурын тұйықтау бойынша монтаждау жұмыстары 70%-ға орындалды.
Айналым жүйелері бар су дайындау ғимаратының, қысымды арттыру компрессорлық станциясы бар газ дайындау пунктінің, сондай-ақ кернеуі 220 және 110 кВ элегаз оқшаулағышы бар жиынтық тарату құрылғыларының құрылыс жұмыстары аяқталды. Аталған нысандарда технологиялық жабдықтар мен инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Алматы 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-ға жұмыс сапарының қорытындысы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының қарқынын арттыру, мердігер ұйымдардың шарттық міндеттемелерін орындауын бақылауды күшейту және генерациялаушы қуаттарды белгіленген мерзімде іске қосуды қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.
Алматы 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-ны жаңғырту жобаларын іске асыру экологиялық ахуалды жақсартуға, жылумен және электр энергиясымен жабдықтау сенімділігін арттыруға, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысының энергетикалық қуаттарға деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Екі жобаның да іске асырылу барысы «Самұрық-Энерго» АҚ басшылығының ерекше бақылауында.




