Самұрық-Энерго басшысы еншілес ұйымдарға өндірістік қауіпсіздікті бақылауды күшейтуді тапсырды

Самұрық-Энерго басшысы еншілес ұйымдарға өндірістік қауіпсіздікті бақылауды күшейтуді тапсырды

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Аңсар Айдаров еншілес ұйымдардың басшыларымен өндірістік қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауға ерекше назар аударылды.

«Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрбір өндірістік нысанда басты басымдыққа айналуы тиіс. Ешбір өндірістік көрсеткіш адам өмірінен маңызды бола алмайды», – деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Аңсар Айдаров.

Кеңесте сондай-ақ басшылардың дербес жауапкершілігін арттыру, бақылау тиімділігін күшейту және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына формалды түрде қарауға жол бермеу жөніндегі шаралар талқыланды.

Мердігер ұйымдардың жауапкершілігіне айрықша мән берілді. Шарттық міндеттемелерді қатаңдату және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейту, оның ішінде персоналдың біліктілігі мен мердігерлердің жұмыстарды қауіпсіз орындауға дайындығын бағалау көзделіп отыр.

Өндірістік қауіпсіздік мәселелерімен қатар, кеңесте «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобында сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасындағы негізгі өзгерістер, жедел желіге келіп түсетін өтініштерді қарау тәртібі, сондай-ақ мердігерлермен өзара іс-қимыл жасау және орындалған жұмыстарды қабылдау кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптардың сақталуын бақылауды күшейту мәселелері талқыланды.

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптардың сақталуы және нысандардағы жұмыстардың қауіпсіз жүргізілуі үшін бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін атап өтті.