«Самұрық-Энерго» АҚ өндірістегі жазатайым оқиғаларды азайтуға тырысады. Компанияның «Өндірістік қауіпсіздікті басқарудың жаңа моделін ендіру» цифрлық трансформациялау бағдарламасының жобасы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған. «АлЭС» АҚ, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ және «Samruk Green Energy» ЖШС-да болатын өзгерістер туралы жоба демеушісі – «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Жоламанов хабарлады.
Қоғамның еншілес және тәуелді ұйымдарының басшыларымен өткен бейнеконференция барысында Бақытжан Жоламанов өндірісте еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыру бойынша алда тұрған іс-шаралар туралы хабарлады.
«Жоба еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыруға, жарақат алуды азайтуға және жалпы алғанда, өндірісте қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған. Ол қызметкерлердің сана-сезімінің деңгейін арттыруға және ескірген тәсілдерді өзгертуге көмектесетін жаңа стандарттарды, практикалық құралдарды енгізуді қамтиды», - деп атап өтті демеуші.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның ірі еншілес компаниялары мен 6 мыңнан астам жұмысшыларын қамтитын жоба көлемінің ауқымдылығын ескере отырып, Бақытжан Жоламанов Бизнесті трансформациялау жөніндегі басқарушы директор Еділ Көпеновті жобаның тең демеушісі етіп тағайындады. Оған инновацияларды ендіру процесін басқару үшін барлық өкілеттіктер берілген.
Электр станциялары басшыларының алдында сөйлеген сөзінде, тең демеуші топ-менеджердің жеке басының мысалы мен еңбек қауіпсіздігі мәселелеріндегі өзінің жеке жауапкершілігі кәсіпорындарда жобаны сәтті жүзеге асыруға ықпал ете алатынын атап өтті.
«Өндірістік қауіпсіздікті басқарудың жаңа моделін енгізу» жобасының басшысы Төлеген Максилов қауіпсіздік мәселелеріне көп көңіл бөлінетін кәсіпорындардың бірінен мынадай мысал келтірді: «Бұл кәсіпорында кіріспе нұсқаманы бірінші басшы өткізді. Алдын ала бейнежазба түсіріліп, ол келушілерге, қызметкерлерге және т.б. көрсетілді. Осы фактінің өзі оның еңбекті қорғау жүйесіне көзқарасының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Осыған қарап, оның қол астындағы адамдар да ережені бұзбауға тырысады».
«Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Түйтебаев жекелеген процестердің қауіпсіздік және еңбекті қорғау жүйесіне тигізетін әсерін атап өтті.
«Конкурс рәсімдерін уақытылы өткізу және тиісті қаржы бөлу үшін еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау мәселелеріне бюджетті жоспарлауға, тауарлар мен қызметтерді сатып алуды ұйымдастыруға және тендерлер өткізуге жауапты адамдарды тарту қажет», - деді Серік Түйтебаев.
Бейнеконференция барысында бюджеттеуді уақытылы жасамау немесе арнайы киімдерді уақытылы сатып алмау сияқты қатерлердің болуы өндірісте жазатайым оқиғалардың орын алуына себеп болуы мүмкін екендігі айтылды.
Кездесу соңында Бақытжан Жоламанов еншілес және тәуелді ұйымдардың басшыларына жобаны өз жауапкершілігіне алып, жоба тобына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Тең демеуші Еділ Көпенов Хаттамада жоба тобын жұмылдыру, қажетті құжаттарды дайындау және Жобаны бастау туралы бұйрық мерзімдерін белгілеуді ұсынды.
«АлЭС» АҚ, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ және «Samruk Green Energy» ЖШС кәсіпорындарында «Өндірістік қауіпсіздікті басқарудың жаңа моделін ендіру» жобасын іске қосу ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін жоспарланып отыр.