Fitch Ratings Халықаралық рейтингтік агенттігі «Самұрық-Энерго» АҚ-ның  бірқатар рейтингтерін жоғарылатып, растады

Fitch Ratings Халықаралық рейтингтік агенттігі «Самұрық-Энерго» АҚ-ның бірқатар рейтингтерін жоғарылатып, растады

Fitch Ratings агенттігі Самұрық-Энергоның шетелдік және отандық валютадағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін «BB» деңгейінде растады, сондай-ақ Самұрық-Энергоның кредитті өз бетінше төлеу қабілетін «B» -ден «B+» -ке дейін және қамтамасыз етілмеген кредиттер бойынша рейтингін  «BB-» -тен «BB» -ге дейін жоғарылатты. Болжам «Тұрақты».

Қаржыны анағұрлым тиімді пайдалана отырып, кредиттік көрсеткіштерді жақсартудың және Компанияның валюталық тәуекелдерін азайтудың арқасында кредитті өз бетінше төлеу қабілеті артты.

Мойнақ СЭС-інің АҚШ долларындағы несиесін Компанияның холдинг деңгейінде жергілікті валютада қайта қаржыландырып, АҚШ долларындағы несиені жергілікті валютаға конвертациялағаннан кейін, валюта бағамының құбылмалылығына ұшырау анағұрлым қысқарды. Бұл рейтингтердің расталуына ықпал етті. 2016 жылғы 60%-пен салыстырғанда, 2019 жылдың соңына қарай шетел валютасындағы қарыз небәрі 2%-ті құрады. Сол арқылы, Агенттіктің атап өтуінше, Компаниялар тобы қаржылық икемділігін және валюталық қатерлерге төтеп беру қабілеттілігін арттырды.

Расталған рейтингке қоса, Шардара СЭС-інің, Мойнақ СЭС-інің және Алматы электр станциясының жаңа энергия блоктары үшін Компаниялар тобының 2024-2028 жылдарға қуатқа жекелеген тарифтер алуы туралы Агенттіктің пікірі де берілген.

Агенттік, тұтас алғанда Компанияның табысы өсуімен қатар, қарызының едәуір азайғанын және соның арқасында қаржылық көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өтті. Одан тыс, Компанияның кредиттік портфелінің құрамында халықаралық қаржылық институттардың үлесі 30%-тен 42%-ке ұлғайғаны атап өтілді, бұл қарыздар портфелінің сапасы жоғары екенін білдіреді және Компаниялар тобының қаржылық көрсеткіштерін бағалауға айтарлықтай әсер етеді. Компания бұл орайда халықаралық кредиторлармен әрі қарай тығыз ынтымақтасуды жоспарлап отыр.

Компания 100 процент мемлекет меншігіне қарасты. Елімізде 2019 жылы генерацияланған электр энергиясының шамамен 30%-і және жалпы өндірілген көмірдің шамамен 40%-і Самұрық-Энергоның үлесінде. Самұрық-Энерго дефолтқа ұшырай қалса, оның әлеуметтік-экономикалық салдарын Агенттік орташа деп бағалап, аналық компания өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда, еншілес құрылымдардың операциялық қызметінің басым бөлігі жалғаса береді деп пікір білдірді.

Сонымен бірге, Самұрық-Энерго жеткілікті деңгейдегі өтімділікке және өзінің қысқа мерзімді міндеттемелерін толық өтеу үшін қаражатқа ие, деп атап өтті Агенттік.

Анықтама:

«Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі.  2007 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде: «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электрстанциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. кіреді.   

____________________________________________________________

«Самұрық-Энерго» АҚ Үкіметпен байланыс және коммуникациялар офисі 

Тел: (7172) 55-30-62; Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.