Қазанама

Қазанама

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ және  «Самұрық-Энерго» АҚ ұжымы  «АЖК» АҚ-ның Режимдер және теңгерімдер жөніндегі атқарушы   директоры Абдрахманов Алтай Аймұхаметұлының қайтыс болуына байланысты туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Біздің құрметті әріптесіміз, ұстаз және тәлімгер Абдрахманов Алтай Аймухаметұлы 63 жасында осы әлемді тастап кете барды. Оның қазасы - бүкіл компания үшін орны толмас өкініш екені анық.

Алтай Аймұхаметұлы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-да 40 жылдан астам уақыт еңбек етті.

Еңбек жолын 1978 жылы Жамбыл тарату тораптары кәсіпорнының электр монтері қызметінен бастаған.

1980 жылдан бастап 2001 жылға дейін релелік қорғау және автоматтандыру қызметінің инженері, кезекші инженер, жедел-диспетчерлік қызмет бастығының орынбасары және кейін сол қызметтің бастығы болып жұмыс істеді.

2001 жылдан 2003 жылға дейін  «АПК» АҚ-да жедел жұмыс жөніндегі менеджер болып қызмет атқарды.

2003-2012 жылдар аралығында компанияның басқарушы құрамында басшылық қызметтерде болды және 2014 жылғы қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін  «АЖК» АҚ-ның  Режимдер мен теңгерімдер жөніндегі атқарушы директоры лауазымында еңбек етіп жүрді.

Алтай Аймұхаметұлы еңбек жолын электр монтері лауазмынан бастап Компанияның атқарушы директоры лауазымына дейін қажырлы еңбегі мен өз ісіне деген адалдығы арқасында жетті. Ол бір өңірдің ғана емес, жалпы еліміздің электр энергетикасының дамуына зор үлесін қосты.

А.А.Абдрахманов жаңадан салынған және қайта құрылымданған 35кВ және одан жоғары қосалқы станцияларды, «Қоянкөз», «Ерменсай», «Бесағаш»  220кВ-ҚС-ны, «Медеу-Новая», «Шымбұлақ», «Южная», «Геологострой», «КазГУ-Новая» және т.б. 110кВ-ҚС-ны ("АЖК" АҚ-ның 32-ден астам қосалқы станцияларын) пайдалануға беру кезіндегі жұмыстарға белсене қатысты. Сондай-ақ, ол Ресей мен Орта Азия елдерінің мемлекетаралық электр энергиясының ағындарын реттеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болатын. Осы жұмыстың нәтижесі ретінде 2012 жылы қабылданған, жиілік пен қуатты реттеу жөніндегі мемлекетаралық келісімді айтуға болады, бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берген еді.

Елеулі табыстары үшін жоғары мемлекеттік наградалармен лайықты марапатталды: «Құрмет» ордені, «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі, Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасы берілді. «ТМД еңбек сіңірген энергетигі», «ҚЭҚ еңбек сіңірген энергетигі», «2017 жылдың үздік инженері» құрметті атақтарын беру – оныың энергетика саласын дамытуға қосқан қомақты үлесін мойындау болып табылады. Сондай-ақ, 2018 жылы оның есімі «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның Құрмет кітабына енгізілді.

Алтай Аймухаметұлының айрықша ерекшелігі – оның еңбекқорлығы мен кәсібилігінде еді. Ол өзі жаны жайсаң, мейірімді және елгезек жан еді, әрқашан әріптестеріне ерекше ықыласын білдіретін, ал жас қызметкерлер үшін құрметті тәлімгер болатын.

Осындай ауыр қазаға байланысты оның отбасына және туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.