Трансформацияның жобалар портфелін жаңарту – бұл үздіксіз жетілдіру процесі. Жыл сайын оның мазмұны компания қажеттіліктерін ескере отырып жаңартылады.
"Самұрық-Энерго" АҚ-да Жаңғырту жөніндегі кеңейтілген кеңестің (ЖКК) онлайн-отырысы өтті. Оған "Энергетика" секторы активтерді басқару дирекциясы, "Самұрық-Қазына" АҚ Қорының Цифрландыру офисінің өкілдері, Стратегиялық дамыту жөніндегі басқарушы директор Лязат Боранқұлова, сондай-ақ Стратегиялық дамыту департаментінің директоры Марал Шашкенова, энергия холдингі ЕТҰ-ларының бірінші басшылары, Корпоративтік орталықтың басқарушы директорлары және әлеуетті жобалар мен іс-шаралардың басшылары қатысты.
Жаңғырту жөніндегі кеңестің отырысын "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма Төрағасы Бақытжан Жоламанов ашты: «Негізгі назар өндірістік міндеттерді шешуге, "төменнен-жоғарыға" қағидаты бойынша идеялар мен ұсыныстарды жинақтау тактикасын қолдануға бағытталды, бұл компаниялар тобы ЕТҰ-ларының өзекті қажеттіліктерін анықтауға көмектесті. Осылайша, бүгін біз бастамалардың қысқа тізімін қалыптастырдық».
Жарты жыл бойы портфельді жаңарту бойынша дайындық жұмыстары барлық ЕТҰ-лармен қарым-қатынасты, идеялар мен ұсыныстарды жинақтау арналарын кеңейтуді, 60-тан астам әлеуетті жобалар мен іс-шаралардың орындылығы мен экономикалық тиімділігін талдауды қамтыды.
"Іріктеуден" 15 жоба өтті, олар Жаңғырту жөніндегі кеңес мүшелерінің қарауына шығарылды. Талқылау мен дауыс беру нәтижесінде Жаңартылған жобалар портфелінің 10 бизнес-ұсынысын кейіннен іске асыру үшін бюджет пен басқа да ресурстарды бөлу мүмкіндігін қарастыру туралы шешім қабылданды. Қалған бес жобаны Цифрлық трансформация бағдарламасынан тыс жүзеге асыру жоспарланады.
"Бірқатар жобалар цифрлық технологиялар саласындағы озық шешімдерді қамтиды және өндірістік тиімділікті арттыруға бағытталған. Пандемияға байланысты жағдай қызметтерді автоматтандыруды, қағазсыз айналымды қамтитын Жобалар портфелінің мазмұнына да әсер етті. Біз қарауға ұсынған жобалар мен іс-шаралар стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге, компанияның құнын арттыруға және операциялық шығындарды азайтуға бағытталған", - деп атап өтті отырыс барысында "Самұрық-Энерго" АҚ Бизнесті трансформациялау жөніндегі басқарушы директоры Еділ Копенов.
Еділ Копенов "Самұрық-Энерго" АҚ ЕТҰ-ларының басшыларын жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға, ол үшін ресурстар бөлуді қарауға және жобалық басқару әдіснамасын ұстануға шақырды: "КО деңгейінде де, ЕТҰ деңгейінде де Портфельді басқару құрылымының нұсқаларын қарауға ұсынуды сұраймын».
Энергия холдинг құрылымына кіретін кәсіпорындардың бірінші басшыларына Жаңғырту жөніндегі кеңес шешімдерінің орындалуын бақылау және пысықталған қаржы-экономикалық модельдерге сәйкес бюджеттерді дайындау тапсырылды. Қазан айында «Самұрық-Энерго» АҚ Директорлар кеңесінің жобалар портфелін келісуі жоспарланады.