«Самұрық-Энерго» АҚ Шардара СЭС-ін толық жаңғырту бағдарламасын аяқтады. Жалпы құны 38 млрд. теңгелік жоба аясында станциядағы төрт гидроагрегаттың бәрі де ауыстырылды. Жаңа гидроагрегаттар су электр станциясында электр өндіруді жылына 480-нен 537 млн. кВт*сағатқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Құрылысты австриялық-германиялық Andritz Hydro GmbH компаниясы жүргізді. Ауқымды қайта құру СЭС-тің қуаттылығын 100 МВт-тан 126 МВт-қа арттырды. Қазақстандық электр энергетикалық холдинг мамандарының сөзінше, бұл жоба энергия тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етуде және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ға тиесілі Шардара СЭС-і 1967 жылы пайдалануға берілді, белгіленген қуаттылығы 100 МВт және төрт гидроагрегаты бар. Норматив бойынша қызмет ету мерзімі 25 жыл болса, станция 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді, бұл оның технологиялық жабдығы 100%-ке тозуына әкеп соқтырды. Су станциясында орнатылған электр жабдығының бір бөлігін оны жасаған зауыттар қазір шығармайды және өндірістен алып тастаған. Жүргізілген жаңғырту жұмыстары су станциясының қызмет ету мерзімін 35-40 жылға дейін ұзартады, сондай-ақ СЭС-ті пайдалану сенімділігін арттырып, авария деңгейін төмендетеді.
«Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі. 2007 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде: «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электрстанциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. кіреді.