Бүгін Халықаралық энергия үнемдеу күні.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заң 2019 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен: «Энергия үнемдеу күні – 11 қараша» деген жаңа тармақпен толықтырылғаннан кейін, Қазақстанда бұл маңызды күн екі жылдан бері атап өтілуде.
Әлемде энергия тұтыну деңгейі өсіп келе жатқаны мәлім. Ғаламшар тұрғындары бүгінде сан-қилы тұрмыстық техникасыз, гаджеттерсіз, ұйымдастыру техникасыз, компьютерсіз толыққанды өмір сүруден қалғандай... Бір өкініштісі – бұл үдерістің табиғи ресурстарды сарқылту, қоршаған ортаны ластау секілді теріс жағы бар.
Халықаралық мереке қоғамдастық пен биліктің назарын энергия үнемдеудің маңыздылығына аудару мақсатында тағайындалған.
Еліміздің аса ірі электр энергетикалық холдингі – «Самұрық-Энерго» АҚ энергия ресурстарына ұқыптылықпен және үнемділікпен қарау тақырыбының қаншалықты өзекті әрі маңызды екенін жақсы түсінеді. Компанияда Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бағдарламасы әзірленіп, жұмыс істеуде. Оның мақсаты – энергия тұтынуды азайту және отын-энергетика ресурстарын тиімсіз пайдалануды қысқарту арқылы энергия шығынын азайтуға жағдай жасау.
Осы Бағдарлама аясында 2020 жылғы 9 айда түрлі сипаттағы 45 іс-шара орындалып, соның нәтижесінде 1,7 млрд. теңге болатын 296 мың тонна шартты отын үнемделді. «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялары тобында энергетикалық тиімділікті арттыруға қаратылған шараларды іске асыру электр энергиясын өндіруді ұлғайтуға және шартты отынның үлестік шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
Мәселен, Екібастұз ГРЭС-1-де қазандық агрегаттардың газды ауа трактын пайдалану режимін жақсарту агрегаттардың ПЖК-ін ұлғайтуға, отынның үлестік шығынын 2,6 т.ш.о./кВт*сағатқа азайтуға әкеп соқтырды, бұл орайда 68 372,9 тонна табиғи отын көлеміндегі көмірді үнемдеу түрінде оң нәтиже алынды, ақшаға шаққанда бұл 182,5 млн. теңгені құрады.
Екібастұз ГРЭС-2-дегі отын жеткізу жүйесінде жұмыс істеп тұрған ұнтақтағыш балғалардың санын оңтайландыру жөніндегі жаңашылдық ұсынысты енгізу арқасында көлемі 986 мың кВтсағ. электр энергиясын үнемдеу түріндегі оң нәтиже алынды, ақшаға шаққанды бұл 4,5 млн. теңгені құрады.
Энергия үнемдеу негізгі мақсаттарға жатқызылғанын ескере отырып, «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялары тобына қарасты, энергия көп жұмсалатын кәсіпорындар мен станциялардың бәрінде мамандандырылған аккредиттелген ұйымдардың қатысуымен энергия аудиттері өткізіліп тұрады.
Халықаралық энергия үнемдеу күніне орай «Самұрық-Энерго» АҚ өзінің барлық қызметкерлерін құттықтап, отын-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану ісіне қосып отырған үлесі үшін алғыс білдірді. Ел экономикасын өркендету, энергия үнемдеу және экологияны қорғау жолындағы елеулі еңбегі үшін «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-ның, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның, «Богатырь Көмір» ЖШС-ның, «Алматы электр станциялары» АҚ-ның, «Мойнақ СЭС» АҚ-ның, «Шардара СЭС» АҚ-ның, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның қызметкерлері бағалы сыйлықтармен атап өтілді.