ҚР Энергетика министрі Алматыдағы ЖЭО жұмысымен танысты

ҚР Энергетика министрі Алматыдағы ЖЭО жұмысымен танысты

Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ҚР энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жұмысымен танысты.

«Алматы электр станциялары» АҚ-ның («АлЭС») ЖЭО-2 және ЖЭО-3 негізгі өндірістік қызметі электр және жылу энергиясын өндіру болып табылады. Кәсіпорын Алматы қаласының тұрмыстық және өндірістік қажеттіліктілері үшін жылу, электр энергиясын өндіреді. ЖЭО-2-нің белгіленген қуаты – 510 МВ, ал ЖЭО-3-тікі –  173 МВТ.

ЖЭО-2 және ЖЭО-3 үшін негізгі отын – Екібастұз кен орнының («БогатырьКөмір» разрезі) көмірі. Тамызық отын ретінде мазут пайдаланылады.

2017 жылы Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев ЖЭО-2-ні газға ауыстыру қажеттігі жөнінде тапсырма берген болатын. Алматы қаласындағы ЖЭО-2-ні  жаңғырту жөнінде Үкімет 2020 жылғы 20 қазанда өткізген кеңесте «Самұрық-Энерго» АҚ ұсынып отырған ЖЭО-2-нің жұмыс істеп тұрған қазандықтарын газға ауыстыра отырып жаңғырту және газ инфрақұрылымын салу нұсқасы мақұлданды.

 Нұрлан Ноғаев ЖЭО-2-ні аралау барысында мамандардың кәсіпорынды жаңғырту бойынша жоспарымен және ЖЭО-2-ні газға ауыстыруды техникалық орындау мүмкіндіктерімен танысты. 

Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы ЖЭО-2-ні газға ауыстыру жобасының   техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді.

Жобаны 2025 жылдың соңына қарай кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған.

Бұдан бөлек, «Самұрық-Энерго» өкілдерінің министрге айтуынша, қазіргі уақытта Алматы қаласындағы  ЖЭО-3-ті газға ауыстырудың ТЭН-ін әзірлеуді мақұлдау бойынша ішкі корпоративтік рәсімдер жүріп жатыр.

«Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі.  2007 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде: «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электрстанциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. кіреді.