«Самұрық-Энерго» АҚ-ның энергетикалық кәсіпорындары өздерінің кәсіби мерекесіне орай жылдық жоспарларын мерзімінен бұрын орындап шықты: Екібастұз ГРЭС-2 4,7 млн. кВтс электр энергиясын өндірді, бұл жоспардың 107%-ін құрайды, Мойнақ СЭС-і – 915 мың кВтсағаттан астам электр энергиясын өндірді (104%). «Богатырь Көмір» ЖШС-ның кеніштерінде өндірілген көмірдің көлемі 41,8 млн. тоннаны құрады (жылдық жоспардың 104%).
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның энергия өндіретін ұйымдары көрсеткіштердің былтырғы жылмен салыстырғандағы өсу қарқынын сақтай отырып, 2020 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша 29 897 млн кВтс энергия өндірді (103%), яғни өткен жылғы осындай кезеңнен 3% көп. Бұл Қазақстан Республикасында жалпы өндірілген энергия көлемінің шамамен 28%-і.
Аяқталар жылы компания Қазақстан энергетикасының іс жүзінде болашақ келбетін қалыптастыратын түбегейлі әрі маңызды жобалардың кейбірін аяқтап, жаңаларын қолға алды.
2020 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ Шардара СЭС-ін толық модернизациялау бағдарламасын да аяқтады. Жобаға 38 млрд теңге инвестиция салынды. Қайта жаңғырту жұмыстарының арқасында СЭС-тің қызмет ету мерзімі 45-50 жылға дейін ұзарып, энергия өндіру жылына 480-нен 537 млн кВт*сағатқа дейін ұлғайды.
«Самұрық-Энерго» АҚ екі жел электр станциясының (ЖЭС) құрылысын бастады. Біріншісі – қуаттылығы 60МВт, ал болашақта 300 МВт-қа жететін Шелек дәлізінде. Екінші ЖЭС Ақмола облысының Ерейментау ауданында орналасқан. Станцияның аумағында 11 жел энергетикалық құрылғыларын орнату жоспарланып отыр, олардың жиынтық қуаты 50 МВт болады. Жаңа ЖЭС-тер өндіретін электр энергиясы еліміздің Ұлттық электр желілеріне түсіп отырады.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның жаңартылатын энергия көздері нысандары жылдың 11 айында 303,793 млн кВтс энергия өндірді, бұл республикадағы жаңартылатын энергия көздері нысандары өндірген электр энергиясы көлемінің 10% құрайды.
«Самұрық-Энерго» АҚ мен ресейлік «РусАл» БК тең негізде басқаратын компания – «Богатырь Көмір» ЖШС «Богатырь» кенішінде тағы бір маңызды жобаны – «Көмірді қазып алудың циклдік-ағынды технологиясы» жобасын бастады. Бұл технологияны енгізу көмірді теміржол көлігін пайдалану қиын соғатын 200 метрден астам тереңдіктен қазып алуға мүмкіндік туғызып, «Богатырь» кенішінің қуаттылығын жылына 40 миллион тоннаға дейін ұлғайтады.
2020 жылы COVID-19 пандемиясына байланысты, бүкіл әлемдегі проблема «Самұрық-Энерго» холдингінің энергия кәсіпорындарын да сырт айналып өткен жоқ. Күрделі эпидемиологиялық жағдайда компания өзінің электр станциялары мен көмір өндіретін нысандарының штатты режимде жұмыс істеуін қамтамасыз етті. ТЖ режимі қазақстандық энергетиктердің жоғары білікті маман екенін көрсетіп, саланың кез келген жағдайда тез жұмыла жұмыс істей алатынын көрсетті.
«Самұрық-Энерго» АҚ 2020 жылы қаржылық тұрақтылыққа да қол жеткізді. Осыдан небәрі екі жыл бұрын «Самұрық-Энерго» қаржылық тұрақтылық бойынша «қызыл аймақта» болатын. Компания менеджменті қабылдаған шаралардың арқасында, атап айтқанда, қарызды азайту, валюталық несиені уақтылы әрі ойдағыдай қайта қаржыландыру, сондай-ақ валюталық міндеттемелерді хедждеу және теңгеде конвертациялау арқасында компания несиелік тәуекелдің «жасыл аймағына» шығып алды.
Қолға алынған жұмыстардың нәтижесі бойынша Fitch Ratings рейтінгілік агенттігі «Самұрық-Энерго» АҚ-ның ұзақ мерзімді рейтингтерін «ВВ» деңгейінде растады, болжам «Тұрақты», сондай-ақ компанияның кредитті өз бетінше төлеуге қабілетілігі рейтінгін «B» -тен «B+»-ке дейін жоғарылатты.