Қазақстандық аса ірі электр энергетикалық холдингтің 2020 жылғы жұмыс нәтижесі бойынша қаржылық жағдайы, COVID-19 пандемиясының әсеріне және экономикалық жағдайдың едәуір өзгеруіне қарамастан, орнықты деп сипатталады. «Самұрық-Энерго» АҚ кредиттік тәуекелдің «жасыл» аймағынан орын алды.
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның Борышты және қаржылық орнықтылықты басқару саясатына сәйкес, «Самұрық-Энергода» жыл сайынғы негізде кредиттік тәуекелдің «қызыл», «сары» және «жасыл» аймағы айқындалады.
Компанияда атқарылған іс-шаралар оның борыштық жүктемесінің деңгейін «жасылға» дейін төмендетуге және валюталық тәуекелдерін мейлінше азайтуға мүмкіндік берді. Мәселен, «Мойнақ СЭС» АҚ-ның 148 млн. АҚШ доллары сомасындағы, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның шамамен 100 млрд. теңге сомасындағы валюталық міндеттемелері қайта қаржыландырылды. Нәтижесінде валюталық міндеттемелердің кредиттік портфельдегі үлесі 1,5%-ке дейін төмендетілді.
Борышты басқару бойынша атқарылған жоспарлы жұмыстың есебінен «Самұрық-Энерго» 2018-2020 жылдары қарызын баланстық көрсеткіште шамамен 92 млрд. теңгеге қысқартты, бұл қаржылық орнықтылық коэффициенттерінің акционер белгілеген мақсатты көрсеткіштеріне сай келеді.
Одан тыс, компанияның cash pooling механизмін енгізуі оң нәтиже көрсетті. Бұл компаниялар тобының ақша ағынын бір орталықтан басқаруға, ішкі ресурстарды тиімдірек пайдалануға, сырттан қарыз алу деңгейін азайтуға және қаржыландыруға кететін сыртқы шығыстарды болдырмауға мүмкіндік берді.
Энергия ресурстарына деген әлемдік бағалардың төмендеуі, COVID-19 індеті, базалық ставка деңгейінің сақталуы, жоғары инфляцияның күтілуі секілді теріс факторларға қарамастан, «Самұрық-Энерго» компаниялары тобының қаржылай орнықтылық көрсеткіштері тұрақты күйінде қалуда.
Еске сала кетейік, 2020 жылы Fitch Ratings халықаралық агенттігі Самұрық-Энергоның ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін «BB» деңгейінде растады, болжам «Тұрақты», сондай-ақ Самұрық-Энергоның кредитті өз бетінше төлеу қабілетін «B» -ден «B+» -ке дейін жоғарылатты.
«Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі. 2007 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде: «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электрстанциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. кіреді.