«Самұрық-Энерго» АҚ электр энергиясын өндіруді 31,4 млрд.кВт.сағ. дейін арттырып, көрсеткіштерін 2019 жылмен салыстырғанда 1,2 млрд.кВт. сағатқа ұлғайтты. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Топтың Қазақстан бойынша электр энергиясын өндірудегі үлесі 30%-ды құрады. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» қорының Баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте айтылды, онда компания өкілдері 2020 жылдың өндірістік және қаржылық нәтижелерімен бөлісіп, энергетикадағы болашақ жоспарларына тоқталды.
2020 жылғы жұмыс нәтижелері бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ экономикалық жағдайдың айтарлықтай өзгеруіне, оның ішінде COVID-19 пандемиясының әсеріне қарамастан, Қоғамның тұрақты қаржылық жағдайын сипаттайтын несиелік тәуекелдің «жасыл» аймағында деуге болады. «Жасыл» аймаққа ену үшін Қоғам қарыз жүктемесінің деңгейін төмендету және валюталық тәуекелдерді азайтуға қатысты бірқатар іс-шаралар кешенін жүзеге асырды.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов атап өткендей, бірінші кезекте «Мойнақ ГЭС» АҚ-ның 148 млн АҚШ доллары, «Екібастұз ГРЭС-2» АҚ-ның шамамен 100 млрд. теңге сомасындағы валюталық міндеттемелерін теңгемен қайта қаржыландырылуға тоқталып өткен жөн. Осы жұмыс нәтижесінде несиелік портфельдегі валюталық міндеттемелердің үлесі 1,5% -ға дейін төмендетілді.
Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі аралықта қарызды басқаруға қатысты жүргізілген жоспарлы жұмыс қарызды 92 млрд. теңгеге азайтуға мүмкіндік берді, яғни акционер белгілеген қаржылық тұрақтылық коэффициенттерінің мақсатты индикаторларын орындауға мүмкіндік туып отыр.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның Дамыту және сату жөніндегі басқарушы директоры Марат Ұлдановтың айтуынша, 2020 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ Шардара СЭС-інің белгіленген қуатын ұлғайта отырып, станцияны толық жаңғырту бағдарламасын аяқтады. Компанияның көмір сату көлемі 2020 жылдың соңында 43,4 млн. тоннаны құрады, бұл жоспардағыдан 4% жоғары.
«Самұрық-Энерго» Орталық Азияның энергетикалық жүйесіне 860 млн кВт / сағ электр қуатын жеткізді. Сондай-ақ, 2020 жылы елдің оңтүстігіндегі ауылшаруашылық тауар өндірушілерін суармалы сумен қамтамасыз ету үшін Қырғыз Республикасымен 300 миллион кВт / сағ электр энергиясына айырбастау жүргізілді.
2020 жылдың қорытындысы бойынша топтың жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) объектілері бойынша электр энергиясын өндіру көлемі шамамен 336 млн кВт / сағ құрады, осылайша ЖЭК нарығында «Самұрық-Энерго» үлесі 10%-ға жуықтады.
Марат Ұлдановтың айтуынша, 2021 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 2020 жылғы 3% өсімді қоса алғанда, 32,2 млрд. кВт. сағ. көлемінде болады деген болжам бар.
Өткен жылы электр энергетикалық холдинг операциялық және күрделі шығыстарға ауқымды оңтайландыруды (жалпы сомасы 18 млрд. теңге) жүзеге асырып, бұл шара белгілі бір «қорғанысты» қалыптастыруға және қаржылық тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Түсім 2020 жылдың қорытындысы бойынша 281,9 млрд. теңгені құрады, 2019 жылдың деректерімен салыстырғанда 38,2 млрд. теңгеге (немесе 16%-ға) өсті, бұл негізінен электр энергиясын сату және қуатты өткізу көлемінің өсуі есебінен жүзеге асты деуге болады.
Fitch халықаралық агенттігі Компанияның ұзақ мерзімді рейтингін Тұрақты болжаммен ВВ деңгейінде растады, сонымен қатар дербес рейтингті «B-ден» «B +» -ке дейін көтерді.
«Самұрық-Энерго» АҚ Екібастұз ГРЭС-1-де қуаты 540 МВт болатын №1 энергия блогын қалпына келтіру және Екібастұз ГРЭС-2-ні №3-ші энергия блогын салу арқылы кеңейту жобасын іске асыруды жоспарлап отыр.
Марат Ұлдановтың сөзіне қарағанда, Екібастұз ГРЭС-інде жоспарланған жұмыстардан басқа, қазіргі кезде «Богатырь» кесігінде көмірді өндіру, тасымалдау, біркелкілеу және тиеудің циклдық-ағынды технологиясына көшу жобасы жүзеге асырылуда. «Богатырь Көмір» ЖШС-ның жобалық қуаты жоба іске асырылғаннан кейін жылына 50 миллион тонна көмір өндіруге жетеді.
Брифингте атап өтілгендей, ағымдағы жылдың басынан бастап жаңа Экологиялық кодекс қабылданды және энергетикалық қоғамдастық алдында экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жаһандық міндеттер тұр. Сонымен, 2020 жылы оңтүстік мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсартуға көмектесетін Алматы 2-ЖЭО-ны газдандыру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі күні жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі Мемлекеттік сараптамаға жіберілді.
«Самұрық-Энерго» АҚ «АлЭС» АҚ еншілес компаниясымен бірлесіп, белгіленген қуатты 450 МВт-ға дейін арттыра отырып, Алматы 3-ЖЭО-ны қайта құру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр.
Компанияның инвестициялық жобаларының ауқымды бөлігін жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту қамтып отыр.
Компания 2015 жылы Ақмола облысында пайдалануға берілген қуаты 45 МВт «БЖЭС» ЖШС жел электр станциясын (ЖЭС) 50 МВт-ға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, «Самұрық-Энерго» жел энергетикасы саласындағы тағы да екі жобаны аяқтауды жоспарлап отыр, олар: Алматы облысындағы қуаты 60 МВт жел электр станциясы және Ақмола облысындағы қуаты 50 МВт жел электр станциясы. Бұған қоса оңтүстіктегі жобаны болашақта 300 МВт-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, ЖЭК саласында компания ГЭС-29 су электр станциясын салуға қатысты жобалауға дейінгі жұмыстарды жүргізуде. Ұзақ мерзімді болашақта Алматы облысындағы АлЭС ГЭС каскадын қайта қайта құру және жаңғырту кезекте тұр, өйткені қолданыстағы ГЭС 1943 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл жоба қайта қалпына келтірілген ГЭС-1 және ГЭС-2-де электр энергиясын өндіруді арттыру арқылы Үлкен Алматы өзенінің гидротехникалық ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Елдің оңтүстігіндегі маневрлік генерация мен гидроэнергетиканы дамыту аясында «Самұрық-Энерго» маневрлік режимді қамтамасыз ету мүмкіндігі бар Алматы 3-ЖЭО-ны қайта құрудан басқа, Іле өзенінде қуаты 40 МВт контрреттегіш Кербұлақ ГЭС-ін салуды жоспарлап отыр. Су электр станциясын салу Қапшағай су электр станциясының реттеуші қуатын 300 МВт-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Марат Ұлдановтың айтуынша, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның болашақтағы жоспарларына су жинақтаушы электр станцияларын салу жобасы, сондай-ақ Алматы өңірінде электр желілерін кеңейту және жаңғырту жобалары кіреді.
«Самұрық-Энерго» АҚ - акциялары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға 100% тиесілі Қазақстандағы ірі электр энергетикалық холдинг. 2007 жылы құрылған. Қызметінің негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергетикалық және көмір кәсіпорындары кіреді, оның ішінде «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 Станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «Мойнақ ГЭС» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және басқалары бар.