Екібастұз ГРЭС-1 станциясында 500 МВт-тық энергия блогы қалпына келтірілуде
Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 станциясында қуаттылығы 500 МВт болатын № 1 энергоблокты қалпына келтіру жобасын іске асыру аясында бөлшектеу жұмыстары 100% аяқталып, жаңа технологиялық жабдықтарды орнату басталды. Қайта жаңартылған энергия блогын пайдалануға беру және іске қосу 2023 жылғы желтоқсанға белгіленіп отыр. Станцияға иелік ететін «Самұрық-Энерго» АҚ бұл жобаға үлкен мән береді. Осы жобаны табысты іске асыру, сондай-ақ компанияның өзге де энергетикалық нысандарында жүргізіліп жатқан жұмыстар сала бойынша орын алып отырған электр қуатының тапшылығын азайтуға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға тиіс. Соңғы төрт жыл ішінде (2017-2020жж.) республикада электр тұтынудың орташа өсімі 4%-ды құрап, жыл сайын электр қуатына деген қажеттіліктің шамамен 600 МВт-қа өсіп отырғаны белгілі. Мамандар қолда бар қуат резервтерінің азайып бара жатқандығын айтуда. Электр қуатының болжамды теңгерімі Қазақстанда 2023 жылдан бастап өндірістік қуат тапшылығы болатынын көрсетіп отыр, ал реттеу қуатының тапшылығы қазірдің өзінде байқалуда. Жүйелік оператордың ақпараты бойынша 2020-2021 жж. күзгі-қысқы кезеңнен өту барысында ҚР Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) жұмыс қуатына қатысты нақты резерв 600 МВт құрады. Саладағы сарапшылар ағымдағы қарқын сақталған жағдайда, келесі жылыту кезеңінде ҚР БЭЖ-де қуат резервтері болмай қалуы мүмкін, бұл электрмен жабдықтаудағы шектеулерге әкеп соқтыратыны сөзсіз. «Жаңа электр сүзгілерін орната отырып, №1 энергия блогын қалпына келтіру» жобасы станцияның қуатын 4000 МВт дейін арттыруға және сол арқылы ГРЭС-те негізгі жабдықтарды жаңғыртудың көп жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан процесін аяқтауға мүмкіндік бермек. Естеріңізге сала кетсек, 2014 жылы қуаты 500 МВт болатын №2 энергоблок желіге қосылды, бұл Екібастұз ГРЭС-1 нысанының өндірістік көрсеткіштерін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Бұған дейін 2012 жылдың шілдесінде қуаты 500 МВт болатын № 8 энергоблок іске қосылған болатын. «Самұрық-Энерго» АҚ электр қуатының болжамды тапшылығын азайту үшін ЕГРЭС-1 №1 энергия блогын қалпына келтіруден басқа, мынадай жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғанын атап өту қажет: - Екібастұз ГРЭС-2-нің қуаты 636 МВт болатын үшінші энергия блогын пайдалануға беру; - 2028 жылдан 2035 жылға дейінгі аралықта Екібастұз ГРЭС-1 станциясының жиынтық қуатын 240 МВт-қа арттыру мақсатында 3, 4, 5, 6, 7, 8 блоктарды кезекпен қайта жаңарту; - АлЭС-ке қарасты Алматы ЖЭО-3 нысанының белгіленген қуатын 450 МВт-қа дейін ұлғайта отырып және маневрлік режимді қамтамасыз ете отырып, қайта жаңарту; - АлЭС-ке қарасты Алматы ЖЭО-1 қайта құру, қуатын 250 МВт-қа дейін арттыру және 2030 жылға дейін маневр жасау мүмкіндігін тудыру; - 2026 жылы Қапшағай ГЭС-інде қуатты реттеу диапазонын 300 МВт-қа дейін ұлғайтуды қамтамасыз ететін, қуаты 40 МВт болатын Кербұлақ ГЭС-ін пайдалануға беру; - Шелек дәлізінде өңірдің жел және су әлеуетін игеру жобаларын дамыту. Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 – әрқайсысының қуаты 500 МВт болатын сегіз энергоблокпен жабдықталған, белгіленген қуаты 4000 МВт Қазақстандағы ең ірі жылу электр станциясы. Ол республика бойынша барлық электр тұтыну көлемінің 20-23% қамтамасыз етеді. Станцияның иесі - қатысу үлесі 100% құрайтын отандық ірі электр энергетикалық холдинг «Самұрық-Энерго» АҚ болып табылады. «Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстандағы, акцияларының 100% «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі аса ірі электр энергетикалық холдинг. 2007 жылы құрылған. Қызметінің негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдинг құрамына энергетикалық және көмір кәсіпорындары кіреді, оның ішінде «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д.Қантаев атындағы Мойнақ су электр станциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б.