Қазақстан Республикасының барлық электр станциялары 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 57 325,4 млн.кВтс электр энергиясын өндірді. Бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға артық. Қазақстанның Бірыңғай энергия жүйесінің (БЭЖ) барлық аймағында өндіріс өсімі байқалып отыр. Бұл туралы Жүйелік оператордың деректеріне сүйене отырып әзірлеген, Қазақстанның 2021 жылғы қаңтар-маусым айларындағы электр энергиясы мен көмір нарығына талдамалық шолуда хабарланды. Бұл ақпарат «Самұрық-Энерго» АҚ-ның «Нарықты дамыту» департаменті берген ақпарат негізінде жасалған. «Самұрық-Энерго» АҚ қарасты электр қуатын өндіруші ұйымдарының өндіріс көлемі аталған кезеңде 17 891,1 млн.кВтс құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8%-ға артық.
Оның үстіне, жүргізілген талдауларға сүйенсек, елде тұтыну көлемі 2021 жылғы қаңтар-маусымда 2020 жылға қарағанда 6%-ға өскен. Мәселен, республиканың солтүстік аймағында тұтыну 6%-ға, оңтүстігінде 10%-ға, ал батысында 2%-ға артқан.
«Самұрық-Энерго» АҚ сарапшылары ҚР Энергетика министрлігі тарапынан әзірленген 2021-2027 жылдарға арналған электр қуаты мен қуат күшінің болжамды теңгеріміне сәйкес, электр энергиясын тұтыну көлемі орташа есеппен жыл сайын 2,4%-ға өседі деген болжам жасалғанын атап өтті. Бұған қоса, 2027 жылға қарай шамамен 898 МВт көлеміндегі қажетті резерв ескеріле отырып, электр қуатына деген тапшылық болжануда. Қазірдің өзінде Қазақстан БЭЖ-де шамамен 1000 МВт мөлшерінде реттеу қуатының тапшылығы байқалады.
Осы міндеттерді шешу мақсатында «Самұрық-Энерго» АҚ бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» Қорының қолдауы нәтижесінде жаңа станциялар салу, сондай-ақ қолданыстағы станцияларды кеңейту мен жаңғыртуға байланысты бірқатар ірі жобаларды іске асыруда.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның Электр энергиясы мен көмір нарығын талдауда келтірілген деректері бойынша Қазақстанда 2021 жылғы қаңтар-маусымда 52 147,2 мың тонна тас көмір өндірілді, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1%-ға кем. Оның ішінде «Богатырь Көмір» ЖШС («Самұрық-Энерго» АҚ) кеніштерінде 22 244 мың тонна көмір өндірілді. Компания осы кезеңде қара отынның 22 517 мың тоннасын сатты, оның ішінде: ҚР ішкі нарығында 18 230 мың тонна, - экспортқа (РФ) – 4 287 мың тонна сатылды.
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК: күн және жел электр станциялары, шағын СЭС, биогаз станциялары) пайдалану нысандарында электр энергиясын өндіру көлемі 2021 жылғы қаңтар-маусымда 2005,5 млн.кВтс құрады. Бұл 2020 жылғы қаңтар-маусым айларындағы кезеңмен салыстырғанда (1470 млн. кВтсағ) 1,4%-ға артық.
«Самұрық-Энерго» АҚ ЖЭК нысандарының электр энергиясын өндіру көлемі 156,9 млн.кВтс құрады, яғни ол ЖЭК объектілері өндіретін электр қуатының жалпы көлемінің 7,8%-ын құрайды.