Екібастұз ГРЭС-1 станциясында жөндеу жұмыстары аяқталды
Екібастұз ГРЭС-1 станциясындағы жөндеу науқаны, №7 энергия блогын желіге қосу және оны кешенді сынақтардан өткізу жұмыстары сәтті аяқталды.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы аталған ең ірі жылу электр станциясы 7 блоктық режимде жұмыс істеуде. Белгіленген қуаты 3 500 МВт және қолда бар қуаты 3 447 МВт-ты құрайтын Екібастұз ГРЭС-1 тәулігіне 3 400 - 3 450 МВт мөлшеріндегі орташа жүктемені көтеріп келеді.
Станция электр энергиясын өндіру көлемі бойынша жылдық жоспарды орындады. 15.11.2021 ж. күнгі мәлімет бойынша электр қуатының жоспарланған мөлшері 19,2 млрд. кВт/сағ болса, қазір ГРЭС-1 19,4 млрд. кВт/сағ. өндіріп отыр. Өндірістің болжамды көлемі жыл қорытындысы бойынша шамамен 22 млрд.кВтс құрауы мүмкін.
Екібастұз ГРЭС-2-де қазіргі уақыттағы ақпарат бойынша өндірілген электр энергиясының көлемі 5,7 млрд.кВтс немесе 2021 жылға арналған жоспардағы мөлшердің 98% құрап отыр. Бүгінгі таңда ГРЭС-2 460 МВт болатын ағымдағы жүктемемен бір блокты режимде жұмыс істеуде.
Естеріңізге сала кетейік, «Самұрық-Энерго» АҚ Қазақстандағы ірі электр энергетикалық холдинг ретінде ел энергетикасындағы маңызды инвестициялық жобаларды іске асыруда. Олардың қатарында Екібастұз ГРЭС-1 нысанындағы номиналды қуаты 540 МВт болатын №1 энергия блогын қалпына келтіру және Екібастұз ГРЭС-2-де қуаты 636 МВт құрайтын жаңа үшінші энергия блогын салу жұмыстары бар. Жоспар бойынша Самұрық-Энерго жобалары Екібастұз ГРЭС станцияларының қуатын 1176 МВт-қа арттырмақ.
Компания сарапшылары Қазақстан бойынша электр энергиясын тұтыну өсімінің қалыптасқан жоғары қарқыны жағдайында аталған жобаларды сәтті іске асыру – электр қуатының резервін құрып, тұтынушыларды энергиямен жабдықтау сенімділігін едәуір арттыратын болады деп есептейді.
«Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС – Қазақстандағы белгіленген қуаты 4000 МВт және қолдағы бар қуаты 3500 МВт құрайтын ірі конденсациялық электр станциясы. Ол әрқайсысы 500 МВт болатын 8 энергоблокпен жабдықталған.
«Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ - белгіленген қуаты 1000 МВт болатын жылу электр станциясы, құрамында 500 МВт-тық екі энергия блогы бар.
«Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстандағы акцияларының 100% «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі аса ірі электр энергетикалық холдинг. 2007 жылы құрылған. Қызметінің негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдинг құрамына энергетикалық және көмір кәсіпорындары кіреді, оның ішінде «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д.Қантаев атындағы Мойнақ су электр станциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. бар.