Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг саналатын «Самұрық-Энерго» АҚ өзінің еншілес ұйымдарында өндіріске тартылған мамандар жалақысын 2021 жылғы деңгейге қарағанда орта есеппен 24%-ға арттыратын болады.
Бұған дейін өндірістегі қызметкерлердің еңбекақысы өткен жылы көбейтілген болатын. Сол кезде компания өзіне қарасты энергия өндіруші компаниялардағы жұмыскерлер жалақысын 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%-ға, тарату компаниясы жұмыскерлерінің жалақысын 30%-ға және көмір компаниясы жұмыскерлерінің жалақысын 10% - ға көтерді.
Бұған қоса, 2022 жылғы 1 шілдеге дейін реттелетін коммуналдық қызметтердің тарифтерін арттыруға мораторий енгізілуіне байланысты «Самұрық-Энерго» АҚ өз шығыстарын оңтайландыруды, сондай-ақ жобалар портфелін жаңарта отырып, өзінің инвестициялық бағдарламасындағы басымдықтарды қайта қарауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, компания «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның жаңа талаптарына сәйкес сатып алу рәсімдеріне өзгерістер енгізуді көздеп отыр.
«Самұрық-Энерго» АҚ тарапынан атқарылатын осы іс-шаралар кешені ҚР Президентінің «Самұрық-Қазына» Қорын реформалауға байланысты тапсырмаларын орындауға байланысты бекітілген жоспар шеңберінде, сондай-ақ компанияның еншілес және тәуелді ұйымдары арасында әлеуметтік тұрақтылық бойынша тұрақты түрде жүргізіліп отырған мониторинг негізінде іске асырылатын болады.
«Самұрық-Энерго» АҚ қызметінің негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Компания 2007 жылы құрылған. Холдинг құрамына энергетикалық және көмір кәсіпорындары кіреді, оның ішінде «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д.Қантаев атындағы Мойнақ су электр станциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. бар.