«Богатырь Көмір» ЖШС-ның өндірістік қуатын жылына қазіргі 42 млн.тоннадан 50 млн. тоннаға дейін ұлғайту мақсатында қолға алынған ауқымды жоба шеңберінде Екібастұз көмір бассейнін технологиялық жабдықпен қамту 100% орындалды. Бұл жерде «Богатырь» кесігінде көмір өндірудің циклдық-ағындық технологиясы» жобасы туралы сөз болып отыр, жобаны толықтай іске асыру осы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланып отыр.
«Самұрық-Энерго» АҚ сарапшыларының айтуынша, «Богатырь» кенішінде өндіру технологиясын түбегейлі өзгерту қажеттілігі тау-кен жұмыстарының тереңдігіне қол жеткізумен байланысты, бұл ретте көмір тасымалдауда қолданыстағы темір жол схемасы тиімсіздігін көрсетіп отыр, ал негізгі тау-кен көлік жабдығы жаңартуды талап етеді. Жоба бойынша 2019-2022 жылдар аралығында екі конвейер желісін салу көзделген болатын.
Мамандардың айтуынша, ЦАТ жобасы өнімнің сапалық сипаттамаларын жақсартады, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттырып, көмір өндірудің өзіндік құнының өсуін баяулатады. Теміржол көлігі мен сол саладағы тиісті инфрақұрылымды пайдалана отырып, 250 м-ден астам тереңдікте жұмыс жүргізу жоғары өндірістік шығыстармен, өндіріс тиімділігінің төмендегімен және қызмет көрсету құнының қымбаттығымен сипатталады. Көмірді өндірудің, ұсақтаудың, орташаландырудың және тасымалдаудың циклдық-ағындық технологиясына көшу осы проблемалардың барлығын күн тәртібінен алып тастамақ.
«Богатырь Көмір» ЖШС Екібастұз көмір бассейнінің екі кесігінде — «Богатырь» және «Северный» нысандарында көмірді ашық тәсілмен өндіреді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты - жылына 42 млн.тонна көмір, оның ішінде «Богатырь» кесігі бойынша - 32 миллион тонна (ЦАТ іске қосылғаннан кейін – 40 млн. тонна), «Северный» кесігі бойынша - 10 миллион тонна.
«Богатырь Көмір» ЖШС жоба шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстары кезеңінде 170 жұмыс орны ашылғанын, пайдалануға берілгеннен кейін кәсіпорынның жұмыс істеп тұрған қызметкерлерін қайта оқыту жоспарланғанын атап өтті. Жобаға тартылған қызметкерлер саны барлығы - 496 адам; оның ішінде I іске қосу кешені – 288 адам; II іске қосу кешені - 208 адам.
«Богатырь Көмір» ЖШС үлесіне Екібастұз көмір бассейнінде өндірілетін барлық көмірдің 60 пайызы және Қазақстан Республикасындағы көмір өндірудің жалпы көлемінің 40 пайызы тиесілі. Компания «Самұрық-Энерго» АҚ және «РусАл» ресейлік БК тарапынан тепе-тең негізде басқарылады. Негізгі тұтынушылар қатарында -қазақстандық «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, Алматы және Степногорск ЖЭО-лары, «Қарағанды Энергоорталық» ЖШС (ЖЭО-1, ЖЭО-3), «СевКазЭнерго» АҚ, «Астана-Энергия» АҚ (ЖЭО-1, ЖЭО-2), «Көкшетаужылу» МКК, «Павлодарэнерго» АҚ, «Bassel Group LLS» ЖШС (қ. Теміртау), сондай-ақ ресейлік Рефтинск МАЭС. Кәсіпорында 6,5 мыңға жуық адам еңбек етеді.
«Самұрық-Энерго» АҚ - акциялары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға 100% тиесілі Қазақстандағы ірі электр энергетикалық холдинг. 2007 жылы құрылған. Қызметінің негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергетикалық және көмір кәсіпорындары кіреді, оның ішінде «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 Станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «Мойнақ ГЭС» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және басқалары бар.