Қазақстандық делегация Австрияда Дүниежүзілік банктің әлемдегі энергетика мәселелеріне, атап айтқанда, гидроэнергетика әлеуетін дамыту мәселелеріне арналған жұмыс сессиясына қатысты. «Гидроэнергетиканы қайта қарау: Таза энергетикаға көшуді қолдау» семинары Австрия Үкіметі және оның энергетикалық секторы басшылығымен ұйымдастырылды.
Іс-шараға Албания, Болгария, Босния және Герцеговина, Грузия, Қырғызстан, Черногория, Румыния, Сербия, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан қатысты. Халықаралық практикалық семинар жұмысына Қазақстаннан «Самұрық-Энерго» АҚ электр энергетикалық холдингінің өкілдері компанияның Дамыту, сату және өзгерістер жөніндегі басқарушы директоры Елена Ивченконың бастауымен қатысты.
ЖЭК мәселелері мен перспективалары тақырыбына айналған семинар сессияларының бірінде «Самұрық-Энерго» АҚ «Жобалар портфелін басқару» департаментінің директоры Аңсар Айдаров баяндама жасады. Ол келтірген деректер бойынша 2022 жылдың басында Қазақстанның энергия өндіруші объектілерінің белгіленген қуаты 23,6 ГВт, оның ішінде: көмір отыны – 69%, табиғи газ – 20%, ірі СЭС – 7%, ЖЭК-4% құраған. 2035 жылғы энергетикалық теңгерімге сәйкес, Қазақстанда қосымша 17,5 ГВт энергия өндіруші объект салу қажет болады. Айдаровтың айтуынша, республика өзінің алдына ЖЭК-ті дамыту бойынша өршіл жоспарлар қойып отыр. Қазақстан генерациясындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15% - ға дейін арттыру жоспарлануда. ЖЭК-ті дамыту бойынша осы энергия көлемінің ішінен гидроэнергетиканы дамытуға айрықша назар аударылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда гидроэнергетиканы дамыту жоспары бекітілді және 2030 жылға қарай шамамен 3 ГВт ГЭС салу жоспарлануда. Қазақстанда тау өзендерінің әлеуеті зор және қазіргі кезде Мемлекет басшысы мен Үкімет деңгейінде осы салаға көп көңіл бөлінуде.
Практикум жұмысы барысында қазақстандық энергетиктер Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өткізді, онда Алматы СЭС каскадын жаңғырту жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге грант беру мәселелері қаралды. Тараптар сондай-ақ Қазақстан Республикасы гидроэнергетикасының барлық әлеуетін бағалау үшін Банк тарапынан қаржылық қолдау мүмкіндігін қарастырды. Бұдан басқа, «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдері су электр станцияларына арналған электромеханикалық жабдықтар мен сервистік қызметтерді әлемдік жетекші жеткізушілердің бірі Andritz Hydro GmbH компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесуге қатысушылар Қазақстандағы бірлескен жобаларды және одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Іс-шара аясында қазақстандық делегация Дунай өзенінде орналасқан Австриядағы ең ірі Ybbs-Persenbeug су электр станцияларының біріне барды. Жақында станция 144 миллион еуро тұратын және арнайы жасыл облигациялармен қаржыландырылған ауқымды жаңартуды жүзеге асырды. Жылдық өндірісі 1 415 млн. кВтсағ болатын СЭС 1959 жылы пайдалануға берілді. Барлық алты блокты жаңғырту дәйекті түрде жүргізіліп, оның жылдық өндірісін 77 млн. кВтсағ-ға ұлғайтты.
Анықтама үшін:
Қазіргі кезде Қазақстанда 51 су электр станциясы (СЭС) жұмыс істейді. ҚР Жүйелік операторының деректері бойынша, 2022 жылғы 1 қаңтарда СЭС-тің белгіленген қуаты 2 806,2 МВт құрады, бұл ҚР станцияларының жалпы белгіленген қуатының 11,7% - ын құрайды.
«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобы Қазақстанның СЭС-і белгіленген қуатының шамамен 29,7% - ын қамтиды, бұл 916 МВт-ны құрайды, оның ішінде:
- «Шардара СЭС» АҚ - 126 МВт;
- «АлЭС» АҚ Қапшағай СЭС - 364 МВт;
- «Мойнақ СЭС» АҚ - 300 МВт;
- «АлЭС» АҚ СЭС каскады - 43,7 МВт.
«Самұрық-Энерго» АҚ СЭС-інің электр энергиясын өндіру көлемі 2022 жылдың 9 айында 2 035,4 млн. кВтсағ құрады.