Астана қаласы 2-ЖЭО-ға жаңа технология бойынша өндіріліп, жөнелтілген Екібастұз көмірі тиелген алғашқы құрам келді. Мейрам қарсаңында Екібастұзда «Богатырь» көмір кенішінде тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға көмір өндіру мен тасымалдаудың циклдық-толассыз технологиясы (ЦТТ) іске қосылды. Осылайша, жаңа жыл мерекесінде елорда тұрғындарының үйлері мен пәтерлері қала ЖЭО-сының озық технология бойынша өндірілген отынды пайдалануының арқасында ұядай жып-жылы болмақ.
«Богатырь» кенішінде көмір өндірудің циклдік-толассыз технологиясы» жобасын Екібастұз көмір бассейнінде «Богатырь Көмір» ЖШС жүзеге асырады. Жаңа технология «Богатырь Көмір» ЖШС-ның өндірістік қуатын қазіргі 42 млн.тоннадан жылына 50 млн. тоннаға дейін ұлғайтады. Нысанды толық пайдалануға беру 2023 жылдың жазына жоспарланып отыр.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Серік Түйтебаев пен «Богатырь Көмір» ЖШС Бас директоры Николай Корсаков тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға ЦТТ өндірістік желілерін техникалық іске қосуға қатысты.
«Богатырь» кенішінде көмір өндіру технологиясын түбегейлі өзгерту қажеттілігі тау-кен жұмыстарының тереңдігіне қол жеткізумен байланысты, онда көмірді тасымалдаудың қолданыстағы теміржол сызбасы тиімсіз, ал негізгі тау-кен көлік жабдықтары өз ресурсын тауысты, ол жаңартуды қажет етеді. ЦТТ жобасында көмір өндірудің авто-конвейерлік технологиясын енгізу көзделіп отыр, бұл «Богатырь» кенішінің өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа технология өнімнің сапалық сипаттамаларын жақсартады, темір жол вагондарына көмірді тиеудің салмақтық дәлдігін қамтамасыз етеді және көмір тиеу кезіндегі вагондардың айналым уақытын 4 есе қысқартады.
Циклды-толассыз кешеннің ауқымды құрылысы шеңберінде 40 мыңнан астам темірбетон құрылымдары пайдаланылды, 174 мың шаршы метр алаңда жалпы салмағы 15 000 тоннадан астам металл құрылымдар мен жабдықтар құрастырылды.
Циклды-толассыз технология нысандарын тұрғызуға үш жыл бойы қазақстандық компаниялардың мердігерлік ұйымдарының 430 қызметкері және 30 неміс мамандары жұмылдырылды.
Шекаралардың жабылуына, жұмысшыларды оқшаулауға және логистикадағы қиындықтарға қарамастан, пандемия мен карантиндік шектеулер кезінде де құрылыс қарқыны төмендемеді.
2022 жылдың соңына қарай ЦТТ жобасын жүзеге асыру мәресіне келіп жетті. Кешеннің ұсатқыштан вагондарға тиеуге дейінгі негізгі технологиялық желілері арқылы өткен көмірдің алғашқы тоннасы құраммен Астана қаласы 2-ЖЭО-ға жөнелтілді.
Анықтама үшін:
«Богатырь Көмір» ЖШС – ашық тәсілмен көмір өндіретін жетекші кәсіпорын. Компанияның жалпы өндірістік қоры шамамен 3 миллиард тонна көмірді құрайды. Қазіргі уақытта «Богатырь» кенішінің өндірістік қуаты – жылына 32 млн тонна көмір (ЦТТ-ны енгізумен – 40 млн тонна), «Северный» кенішінің өндірістік қуаты – жылына 10 млн тонна көмір. Кәсіпорын үлесіне Екібастұз көмір бассейнінде өндірілетін барлық көмір көлемінің 69%-ы және Қазақстан Республикасында көмір өндірудің жалпы көлемінің 40%-ы тиесілі.
«Богатырь Көмір» компаниясы – ТМД елдерінің энергетикалық көмір нарығындағы ірі жеткізуші. «Богатырь Көмір» көмірін Қазақстанның көптеген жылу электр станциялары және Ресейдің ең ірі электр станциясы – Рефтинская ГРЭС пайдаланады.
«Самұрық-Энерго» АҚ – акцияларының 100% «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі Қазақстандағы ірі электр энергетикалық холдинг. 2007 жылы құрылған. Қызметінің негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергетикалық және көмір кәсіпорындары кіреді, оның ішінде «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д.Қантаев атындағы Мойнақ СЭС» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және басқалары бар.