Бүгін Алматы ЖЭО-2 алаңында «Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Аталған іс-шара ашық түрде, көптеген БАҚ өкілдерінің қатысуымен болды. Қоғам қайраткерлерінің, саясаткерлер мен сарапшылардың қозғаған басты тақырыбы «Самұрық-Энерго» АҚ-ның жұмысы. Алматы қаласы мен Алматы облысын электр қуатымен қамтамасыз етуші холдинг басшысы Серік Түйтебаев отырыста Қазақстанда электр станцияларының жұмыс істеу қабілеті сарқылды деп мәлімдеді. Оның айтуынша елімізде, 2029 жылға қарай 3 ГВт-дан астам электр қуатының тапшылығы орын алуы мүмкін. Өйткені елде электр қуатына деген сұраныс күннен күнге артуда. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 9,4%-ға өскен.
«Самұрық-Энерго» АҚ басшысы елдің электр қуатына деген қажеттілігін қанағаттандыру үшін ауқымды энергетикалық жобалардың, электр қуатына белгіленген тарифтердің төмен болуына байланысты орын алған, қаржыландырудың жетіспеушілігінен іске асырылу қарқыны төмен екендігін алға тартты. Сол себептен бүгінде жұмыс істеп тұрған ЖЭО-лардың жүктемелері артып, нәтижесінде нысандардың жабдықтары жылдан жылға тозып келеді. Соңғы жылдары болған Екібастұз, Рудный, Риддер, Теміртаудағы апаттар станциялардың жұмыс істеу қабілетінің таусылғанына дәлел.
Оның айтуынша, тарифтерді тежеу саясаты жылу энергиясын өндірушілерді шығынға батырады. Мысалы, Алматыдағы «АлЭС» компаниясының шығыны соңғы 5 жылда шамамен 6 млрд теңгені құрады. Көбінесе электр станцияларының электр энергиясын өндіру үшін жағатын көмірге төлейтін қаражаты жоқ. ҚР энергия өндіруші ұйымдарының «Богатырь Көмір» ЖШС алдындағы жалпы берешегі шамамен 6,4 млрд теңгені құрайды. Бұған қоса, сыртқы саяси жағдайға байланысты жабдықтардың бағасы одан әрі өсті. Мысалы, бу қазандықтары мен құбыржолдарға арналған құбыр екі жылдың ішінде 3,5 есе қымбаттады. Энергетикалық объектілерді жеткіліксіз мөлшерде қаржыландыру, сайып келгенде, саланың құлдырауына және экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмауына әкеп соғады.
«Самұрық-Энерго» электр қуатына деген қажеттілік мәселелерін Алматы ЖЭО-ны жаңғырту және реконструкциялау, Екібастұз энергия торабында жаңа энергия блоктарын іске қосу және жиынтық қуаты 4,1 ГВт жаңа көмір электр станциясын салу сынды ауқымды энергетикалық жобаларды іске асыру арқылы шешпек.
Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында Алматы ЖЭО-2 алаңында жабдықтарды жеткізу, жаңа газ станциясын жобалау және салу бойынша мердігер айқындалатын болады.
Электр энергетикалық холдинг басшысының айтуынша, ашық халықаралық тендердің бірінші кезеңі барысында 6 өтінім келіп түсті. Оның ішінде екінші, қорытынды кезеңге 2 өтінім (компания) өтті. ЕРС-мердігерді таңдау бойынша халықаралық, екі кезеңдік конкурс Еуропа Қайта құру және Даму банкінің ережелеріне сәйкес өткізіледі. EPC-мердігерді таңдаудың техникалық сипаттамасы мен EPC-келісімшарт жобасы FIDIC (Халықаралық инженер-консультанттар федерациясы) «сары кітабы» бойынша әзірленді.
Тендердің жеңімпазы биылғы жылдың екінші тоқсанында анықталады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы 2023 жылдың тамызына болжанып отыр.
Сонымен қатар «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Серік Түйтебаев электр энергетикалық холдингтің «жасыл» активтері жеке компания болып бөлініп, «Qazaq Green Power» атты жаңа энергетикалық компания құрылды деп мәлімдеді. Жаңа компания АХҚО юрисдикциясында 2022 жылғы 4 қарашада тіркелген. 2024 жылы оны IPO-ға шығару жоспарлануда. Серік Түйтебаевтың пікірінше, «жасыл» компанияны құру ЖЭК-ті дамытуға инвестиция тартады, жаңа жоғары білікті жұмыс орындарын құрады, бірыңғай холдингте «жасыл» активтерді шоғырландыру нәтижесінде дәстүрлі генерациямен қарама-қарсы субсидиялау тәуекелдерін азайтады.