«Самұрық-Энерго» АҚ қазақстандық ірі электр энергетикалық холдингі, «Power Construction Corporation of China» (Power China) қытай компаниясы және Алматы облысының әкімдігі Алматы облысының Шелек дәлізіндегі ЖЭК жобасын 810 МВт-ға дейін кеңейтуді көздейтін іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын (Жол картасын) бекітті. Іс-шара Астана Халықаралық форумы барысында өтті.
Жол картасына «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Серік Түйтебаев, «Power China» уәкілетті өкілі Чэн Чэн және Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қол қойды.
«Шелек дәлізінде қуаты 60 МВт жел электр станциясын келешекте кеңейте отырып, салу» жобасы іске асырылып, нысан 2022 жылдың жазында пайдалануға берілді. «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Power China» компанияларының бірлескен жұмысы энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың табысты үлгісі болды.
2023 жылдың мамыр айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға ресми сапары аясында «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Power China» арасында Шелек дәлізіндегі ЖЭК жобасын 810 МВт-қа дейін кеңейту бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сол кезде тараптар Алматы облысында қуаты 310 МВт болатын ЖЭС, ГЭС гибридті станциясын салуға және өңірде қуаты 500 МВт жел электр станциясын салуға байланысты жобаларды іске асыру арқылы жобаның бірінші кезеңін 810 МВт-ға дейін кеңейту мүмкіндігін толық зерделеуге ниет білдірді.