Екібастұз қаласының әкімдігі Самұрық-Энергоға Екібастұз ЖЭО-ны сенімгерлік басқаруға берді. Самұрық-Энерго станцияны «Energy Solution Center» ЖШС еншілес компаниясы арқылы басқарады.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Екібастұз ЖЭО-да жиналыс өткізіп, «Energy Solution Center» ЖШС Бас директоры Айдарбек Қыстаубаевты, сондай-ақ оның өндіріс, қаржы және қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарларын таныстырды.
Сонымен қатар Самұрық-Энерго басшысы биыл Екібастұз ЖЭО-да энергетикалық қазандықтар мен қосалқы жабдықтардың бір бөлігін жөндеу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Қайрат Мақсұтов станция басшылығына алдағы жылыту маусымына сапалы дайындық пен жөндеу науқанын өткізу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Екібастұз ЖЭО 1956 жылы пайдалануға берілді. Станцияның белгіленген электр қуаты — 12 МВт, жылу қуаты — 750 Гкал/сағ. Жылу электр орталығы Екібастұз қаласын жылумен толық қамтамасыз етеді.