Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің алаңында Қазақстанда алғашқы гидроаккумуляциялық электр станциясын (ГАЭС) салу жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
"Самұрық-Энерго" АҚ және China International Water & Electric Corporation (CWE) ГАЭС жобасын әзірлеу және оны іске асыру бойынша бірлескен жұмыс туралы келісті.
Атап айтқанда, CWE компаниясы Қазақстанның гидроэнергетикалық әлеуетін талдаумен қатар жоба бойынша техникалық-экономикалық зерттеуді жүзеге асыруға ниетті. Сондай-ақ, қытайлық мамандар гидроэнергетикалық жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісуге және ГАЭС құрылысына атсалысуға дайын екендіктерін білдірді.
Тараптар қол қойған келісім елдің энергетикалық секторының серпінді жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық пен өзара тиімді серіктестікті нығайту жөніндегі ниетті бекітті.
China International Water & Electric (CWE) – су электр станцияларын салуға мамандандырылған Қытай халықаралық су және энергетика корпорациясы.
ГАЭС – электр энергиясын өндіру, жинақтау және электр жүктемесі кестесінің тәуліктік әркелкілігін теңестіру үшін қолданылатын су электр станциясы.