Самұрық-Энерго басшысы жұмыс сапарымен Көкшетауға барды

Самұрық-Энерго басшысы жұмыс сапарымен Көкшетауға барды

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов пен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кеңес барысында Көкшетау қаласында ЖЭО салу жобасын іске асыру мәселелерін талқылады. Самұрық-Энерго басшысы кеңеске қатысушыларды жобалық жұмыстардың басталуы және жобаны іске асыру жөніндегі алдағы жоспарлар туралы хабардар етті. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес «Самұрық-Энерго» АҚ ЖЭО құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін өзектендіру рәсімін бастап, «Көкшетау ЖЭО» ЖШС-ны құрды. Құрылыс нысанының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша «ИНТЕР РАО-Экспорт» ЖШҚ-мен келісімшарт жасасу шарасы келісу сатысында. 

Кеңес барысында сыртқы инфрақұрылымды салу, атап айтқанда жер учаскелерін бөлу, темір жолдар мен кірме жолдарды салу, электр энергиясын желілерге қосу, су бұру және сумен жабдықтау мәселелері талқыланды. 

Өз кезегінде өңір әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығын жылумен қамтамасыз ету стратегиялық маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. 

Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу жобалары бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Уәкілетті ұйымдар «Самұрық-Энерго» АҚ және «Интер РАО – Экспорт» ЖШҚ болып белгіленді.