Қайрат Мақсұтов бастаған Самұрық-Энерго делегациясы Түркістан облысының Сайрам ауданындағы құрылыс алаңында болды, онда бу-газ қондырғылары технологиясын қолдану арқылы қуаты 1000 МВт электр станциясының құрылысы жүргізілуде.
«Түркістан БГҚ» ЖШС басшысы Асқар Құсайынов атқарылған жұмыстар мен 2024 жылға арналған жоспарлар туралы есеп берді. Қазіргі уақытта құрылыс кесте бойынша жүргізілуде, алаңға 300-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды. 2025 жылы қызметкерлер санын 2500 адамға дейін арттыру жоспарлануда.
2026 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отырған электр станциясы ең жоғары жүктемелерді жабады және аймақтағы маневрлік энергия көздерінің тапшылығын толтырады.
«Түркістан БГҚ» ЖШС кеңсесінде Қайрат Мақсұтов компания басшылығымен кеңес өткізді. Сонымен қатар негізгі алаңдағы жұмыстарды, газ құбырына қосу, электр тарату желілері мен сумен жабдықтау құрылыстарын жүзеге асырып жатқан мердігер ұйымдардың өкілдерімен жеке кездесу өткізді.
Сапар қорытындысы бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов нақты тапсырмалар беріп, аталған жобаның Қазақстанның энергия жүйесі үшін маңыздылығын атап өтті.