Жас көшбасшыларды дамыту бағытындағы «Жеті қадам» модульдік бағдарламасының екінші кезеңінің жабылу рәсімі болды. Оған «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компанияларының және олардың еншілес ұйымдарының 50 маманы қатысты.
Аталмыш жобаға «Самұрық-Энерго» АҚ-дан 5 жас маман қатысты: Төлеулиева Әйгерім («Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік орталығы), Әмірбеков Әсет («Алматы электр станциялары» АҚ), Нәби Перизат («Алатау Жарық Компаниясы» АҚ), Кавун Алена («Богатырь Көмір» ЖШС) және Жұмажанов Данияр («Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ).
Қатысушылар 5 ай бойы коммуникативтік дағдыларын, көшбасшылық әлеуеттерін және басқару құзыреттерін дамыту, бюджеттік жоспарлау қағидаттарын түсіну бағытында оқыды. Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар жобалық жұмыстарын сәтті қорғады.
Комиссия шешімі бойынша «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қызметкері Нәби Перизаттың «SMART Каска» жобасы Самұрық-Энерго компаниялар тобы бойынша ұсынылған жұмыстардың ішінде үздік деп танылды. Ақылды каска биометрия құрылғылары арқылы адамның жүрек соғысы, қан қысымы, дене температурасы туралы ақпарат береді. Сонымен қатар каска жұмысшылардың қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша бақылауға арналған. Озық деңгейдегі жүйе еңбек тәртібін арттыруға, жұмыс және демалыс режимін реттеуге және өндірістегі жарақаттанудың алдын алуға мүмкіндік береді.