Самұрық-Энерго және Kazenergy өкілдері АлЭС әйелдер клубының отырысына қатысты

Самұрық-Энерго және Kazenergy өкілдері АлЭС әйелдер клубының отырысына қатысты

«Самұрық-Энерго» АҚ «Корпоративтік басқару және Орнықты даму» департаментінің директоры Мәдина Айсариева мен KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Ақмұрзина «АлЭС» АҚ әйелдер клубының өкілдерімен кездесу өткізді. Клубтың кезекті тоғызыншы отырысында қыркүйек айының басында Астанада өткен «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының бірінші әйелдер форумының қорытындысы қаралды.   

. 

 

Мәдина Айсариева әйелдер күн тәртібінің стратегиялық міндеттерін және энергетика саласындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлары туралы айтты.       

«Бүгінгі таңда «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобындағы әйелдердің үлесі 26%-ды құрайды. Біз әрбір әйел өз әлеуетін іске асыра алатын инклюзивті жұмыс кеңістігін құруға тырысамыз», - деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ әйелдер клубының негізін қалаушы Мәдина Айсариева.  

KAZENERGY атқарушы директоры Ләззат Ақмұрзина отырысқа қатысушыларға Қауымдастықтың Әйелдер энергетикалық клубының қызметі, өткізілетін тренингтер мен семинарлар туралы айтты. Атап айтқанда, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында іске асырылатын «Энергетикадағы әйелдер көшбасшылығы» ЕМВА бағдарламасы туралы. Бағдарлама энергетика саласындағы әйелдерге сапалы білім беру мен қолдауды қамтамасыз ете отырып, болашақ көшбасшыларды даярлауға бағытталған.   

  

 

«АлЭС» АҚ персоналды даярлау бөлімінің бастығы компаниядағы Әйелдер клубының жұмысы туралы айтып берді.  Клубтың 300-ге жуық қатысушысы бар. Осы уақыт ішінде кадр резервіндегі әйелдердің үлесі 25%-ға жетті, қызмет бабы бойынша 25 ілгерілеу байқалды. Әйелдер компанияның өзекті міндеттерін талқылауда белсенділік танытып, өз құзыреттерін арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, қоғамдық қызметті белсенді атқаруда.   

Әйелдер клубы өкілдерінің кездесуі 2025 жылы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтетін 1-ЖЭО-ға экскурсияға барумен аяқталды.