Самұрық-Энерго басшысы еншілес ұйымдардың басшыларына еңбекті қорғау мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды

Самұрық-Энерго басшысы еншілес ұйымдардың басшыларына еңбекті қорғау мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов компанияның 2024 жылғы 9 айдағы өндірістік қауіпсіздік жөніндегі қызмет қорытындысы бойынша кеңес өткізді. «Еңбекті қорғау» департаментінің директоры Дүйсенбек Шардарбеков жазатайым оқиғаларды тергеу нәтижелері, Басқарма Төрағасының хаттамалық тапсырмаларының орындалуы және «Қауіпсіз өндіріс» жобасының іске асырылуы туралы баяндады. 

«Алматы электр станциялары» АҚ және «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның бірінші басшылары кеңеске қатысушыларды қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және станцияларда жарақаттанудың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы хабардар етті.   

Самұрық-Энерго басшысы өз сөзінде компания тобының Vision Zero қағидаттарын ұстанатындығын атап өтіп, қызметкерлер арасындағы еңбек қауіпсіздігі мәдениетін және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру қажеттігіне назар аударды.  

Кеңес қорытындысы бойынша Қайрат Мақсұтов еншілес және тәуелді ұйымдардың бірінші басшыларына еңбекті қорғау мәселелерін ерекше бақылауға алуды және өндірістік қауіпсіздік ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, Компания басшысы жасанды интеллектті қолдану және бейнеталдауды енгізу мүмкіндігін қарастыру қажеттілігі туралы айтты. Бұдан басқа, Самұрық-Энерго басшысының тапсырмасы бойынша жақын арада барлық өндірістік кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша аудиторлық тексерулер жүргізілетін болады. 

«Қауіпсіздік дегеніміз қызметкерлердің өмірін сақтау, сондықтан еңбекті қорғау мәселелері әрқашан басымдыққа ие болуы тиіс. Әрбір қызметкер өз шаңырағына, отбасына аман-есен оралуы тиіс», - деп қорытындылады Қайрат Мақсұтов.