«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов China Energy International Group Co, Ltd Басқармасының Вице-төрағасы Сюе Даньфэнменкездесу өткізді. Келіссөз барысында тараптар жалпы қуаты 800 МВт жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы бірлескен жобаларды іске асырумәселелерін талқылады.
Осы бастамаларды іске асырудың құқықтық негізі 2024 жылғы 12 қарашада СОР 29 конференциясы алаңында қол қойылған Қазақстан Республикасының үкіметі мен Қытай Халық Республикасы үкіметі арасындағы келісім болды.
Жобалар Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясын және Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салуды қамтиды. Бұл жобалар Қазақстандағы жасыл энергетиканың дамуына елеулі үлес қосады.
Кездесудің маңызды қорытындыларының бірі жобаларды іске асырудың негізгі кезеңдерін анықтау болды. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі жобалық құжаттарға қол қою жоспарланған. Сондай-ақ, осы жұмыс аясында тараптар бірлескен жобалық компания құру мәселесін талқылады.
Бұл қадамдар «Самұрық-Энерго» АҚ мен China Energy International Group компаниясының энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және стратегиялық маңызды бастамаларды іске асыруға деген ұмтылысын көрсетеді.