«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Алматы энергия кешеніне қарасты кәсіпорындарға жұмыс сапары аясында 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-да кеңес өткізді.
Осы жылдың қаңтар айынан бастап Алатау Жарық компаниясы «Электр энергетикасы туралы» ҚР Заңының өзгерістеріне сәйкес кепілді жеткізуші қызметін жүзеге асырады. Заңнамаға сәйкес, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар нарық субъектілерінің тізімінен алынып тасталды және тұтынушыларды электрмен жабдықтау функциялары энергия беруші ұйымдарға өтті.
«Самұрық-Энерго» АҚ «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-ның «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ға («АЖК» АҚ) қосылуын өз уақытында бастап, бұл процесті сәтті аяқтады. 1 қаңтардан бастап барлық тұтынушылар жаңа кепілдендірілген жеткізушіге көшті және сенімді энергиямен қамтамасыз етілді.
Кеңес барысында «АЖК» АҚ (Энергосбыт) филиалының басшысы Гүлжан Исламова компанияның 2024 жылғы қызмет қорытындылары туралы есеп берді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Энергосбыт 2019 жылдан бері алғаш рет оң қаржылық нәтиже көрсетті.
Самұрық-Энерго басшысы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Абай Асыловтың баяндамасын тыңдады. Ол 2024 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Есепті кезеңде тұтынушыларға 9 258 млн кВтс. электр энергиясы жеткізілді, бұл жоспарлы көрсеткіштерден едәуір жоғары. Компанияның қаржылық көрсеткіштері де жақсарды. Түскен пайда инвестициялық бағдарламаларды орындауға бағытталатын болады.
2024 жылы Алатау Жарық Компаниясы энергетикалық жүйелерді жаңғырту және қайта құру бағытында ауқымды жұмыс жүргізгенін атап өткіміз келеді. 2024 жылы жалпы сомасы 25 503 млн теңгені құрайтын 20 нысан құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, оның ішінде 110/10 кВ «Көкөзек» ҚС құрылысы, қосалқы станцияларды қайта жаңарту, Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша негізгі жабдықтарды ауыстыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, Алматы облысында «ақылды» ажыратқыштарды орната отырып, электр желілерін оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша АЖК өндірістік қауіпсіздік бойынша да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Компания нөлдік жарақатқа қол жеткізді. Өткен жылы қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Кеңес қорытындысы бойынша Самұрық-Энерго басшысы 2025 жылға арналған жоспарды орындау, апатсыз жұмысты қамтамасыз ету және қала мен облыс халқын және өнеркәсіп кәсіпорындарын сенімді энергиямен жабдықтауға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.